Президенттің кейбір өкілеттіктерін жоятын заң жобасы Мәжілістің қарауына осы айда енгізіледі. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұрын Президентте аудан әкімдерін тағайындау, оларды лауазымнан босату, шешімдерін өзгерту немесе күшін жою өкілеттігі болды. Бірақ бұл Президенттің жұмысы ма? Әрине, жоқ. Суперпрезиденттік форма деген осы. Бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін түбіне дейін жетіп, оларды жөндеп отыру – бұл суперпрезиденттік форма. Қазір Президент мұндай өкілеттіктерден арылып жатыр. Оны шешетін облыс әкімі, басқару деңгейінің түрлі өкілдері бар. Сол деңгейде шешілуі тиіс. Суперпрезиденттіктен кетіп, президенттік формаға көшу дегеніміз осы. Бұл бір ғана мысалы», - деді Қанат Мусин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңға және басқа да бірқатар заңдарға енгізілетін өзгерістерді жұмысшы тобы пысықтап жатыр.
«Соңғы кезеңіне шықтық. Жоспар бойынша сәуірдің соңына дейін заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізілуі тиіс», - деді министр.