203 мыңнан астам жұмыс беруші 1,1 млн адамның еңбекақысын арттыру міндетін мойнына алды. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізіп жатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр Тұңғыш Президенттің қазан айындағы Жолдауын жүзеге асыру үшін 2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге - 28-ден 42,5 мың теңгеге дейін арттырылғанын айтты. Бұл шарамен 1,3 млн адам қамтылды, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және спорт салаларында жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметші бар.
«Біз ай сайын ең төменгі жалақыны есептеу мониторингін жүргіземіз. Мәселен, міндетті зейнетақы жарналарының түсімдерін талдау нәтижелері биылғы сәуірде 92 мың қызметкер еңбек ақыны ЕТЖ мөлшерінен төмен алғанын көрсетті. Сондай-ақ, еңбекақысы төмен қызметкерлер бойынша жалақының өсуіне мониторинг жүргіземіз. Қазіргі уақытта 203 мыңнан астам жұмыс беруші 1,1 млн адамның еңбекақысын арттыру міндетін өз мойнына алды», - деді министр.
Мұнан басқа, оның дерегінше, осы жылдың маусым айынан бастап бюджеттік саланың жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға дейін артты. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам азаматтық қызметшілер осы айда жоғары жалақы алады.
Енді бір қызметкердің орташа жалақысы 114,5 мың теңгені құрайды (2019 жылдғы 1 маусымға дейін 99,6 мың теңгені құрады). 2019 жылға аталған арттыруға республикалық бюджеттен 144,3 млрд теңге көзделген.