ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына неге бұрынғы цирк басшысы тағайындалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомствоның мәдениет, архив және баспа ісіне арналған кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдері министр Дәурен Абаевқа саладағы тағайындаулар туралы сұрақ қойды. БАҚ өкілінің айтуынша, Алматы циркінің басшысы болған Нұрбақыт Бөкебаевтың Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының басшысы болуын жұрт әрқилы қабылдаған.
«Білсеңіздер, біз бірнеше кадрлық ауыс-түйіс жасаған болатынбыз. Бұл тағайындау саланы ішінен білетін кәсіби мамандар басшы болуы керек деген ойдан туындады. Академиялық опера және балет театры туралы айтсақ, ол жерге нағыз кәсіби маман келді. Неге екенін қайдам, бәрі оның бұрын циркті басқарғанына назар аударып кетті. Ал циркке дейін, менің білуімше, 6 немесе 7 жыл бойы дәл осы академиялық опера және балет театры басшысының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген. Яғни, бұл адам Абай атындағы опера театрын бес саусағындай біледі. Сондықтан бұл тағайындау адамның кәсіби сапасына қарап қана жасалды», - деді министр.
Оның пайымдауымша, жалпы мәдениет саласына басшылардың жаңа буыны келуі керек.
«Мен бұл ведомствоның бүкіл саласымен біркелкі байланысы бар адаммын деп ойлаймын. Бұл адамды академиялық опера және балет театрына жаңа серпін береді деген үмітпен тағайындап отырмыз. Жалпы, салаға басшылардың жаңа буыны келуі керек деп ойлаймын», - деді Дәурен Абаев.