Әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев "Алматы" телеарнасындағы "Шынайы Ақберенмен" бағдарламасында қазіргі қазақ қоғамы турасында һәм өзге де тақырыптар төңірегінде ашық пікірін білдірді.
Бағдарлама барысында әнші бұрынғы қазақ пен қазіргі қазақтың айырмашылығы хақындағы ойын айтты. Әңгіме үстінде Бесбаев карантин кезінде жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік қорабын тасыған сәттегі көріністі еске алды.
"Бір үй тұр: үлкен коттедж, есіктің алдында кейінгі маркалы машиналар. Біз сол үйдің қасына келдік, бір коробкамызды алып. Ана үйдің жағдайын көрсең, жүрегің ауырады. Сосын мен ойланып қалдым, мына көрші не қарап отыр, ертең сұралмай ма бұл деп. Біз жалпы тек Үкіметке қарай бермей, маңайдағы көршімізге де қарауымыз керек. Пейіліміз қиын болып кеткені соншалық, бұл - асылы, мәдениеттің жоқтығы, рухани жұтағанымыздың кесірі деп ойлаймын", - дейді әнші.
Әнші қазақ халқының жалқаулыққа бой алдырып бара жатқанын уайымдайтынын айтты.
"Кезінде бір ауылды бір бай асырап жіберген. Бір кедейі, жесірі болмаған. Бір көшеде екі бай бар шығар. Сол екі бай жан-жағына қарайламаған. Менің сол жерде жүрегім ауырды. Көмекті сұрап жатқан тек қазақ. Ол бір шеті жалқаулықтан да бар ма деп ойладым. Қанымызда бар, шынымен. Алысқа кетпей-ақ қояйын, өзім жалқаумын. (...) Ең болмаса 42 мыңға да қырылып қалған басқа ұлтты көрген жоқпын. Біз әбден көкірекпен "менің елім, менің жерім, мен қазақпын, мен ұлымын" - ұлысың, әңгіме жоқ, данасың. Енді мына ХХІ ғасырда шынымен де қашанғы көкірек ұрып отыра бересің", - дейді Бесбаев.
Отандық эстраданың жарық жұлдызы Қазақстандағы мейрамханаларда қазақ тіліндегі емес, өзге тілдегі әндердің қосылып, шырқалатынына қарны ашатынын да жасырмады.
"Қазақстанның барлық қалаларындағы ресторан-барларда 50 пайыз қазақ тілінде, өзіміздің тілде әндер айтылуы керек. Бізде қазір қалай? Алматының көптеген ресторанында тек ғана шетелдік әндер орындалып тұрады, өкінішке орай. Бұл - заңмен реттелмегеннен кейін. Мынау тұрған көршілес мемлекеттердің радиоларын тыңдасам, сүйсінем, тіпті, Моңғолияда екі жарым миллион моңғол. Бүкіл телевизиясын қарасаң, 99 пайыз өз тілінде сайрап тұр. Заңға осыны енгізсек егерде, әншілер де басқаша жұмыс істер еді. Әнге, сөзге, сапаға қарайтын еді", - дейді ол.
Сондай-ақ әнші мемлекеттік тілде екі сөздің басын қоса алмайтын, азаматтарға да жаны ашитынын жеткізді. Мейрамбек Бесбаев тіл білмей, қазақша жазып берген дайын мәтінді оқи алмайтын бауырлары үшін ашынатынын айтты.
"Әрине, ашынасың. Бірақ, "қолдан келетін шара не?" деп отыра беруге де болмайды. Өте қиналамын, сол жігіттерге жаным ашиды. Тіл білмей тұрып, екі сөздің басын қоса алмай, жазып бергенді оқи алмай тұратын бауырларым үшін қатты қиналамын. Айналып келгенде ол да бір қазағың ғой. Жаның ашиды, ашуланасың. "Жоқ, сен тіл білмейсің" деп оны далаға лақтырмайсың ғой. Ертең "өз қазағыма жұмыс істейін, талпынайын десем, бұл қазағым өзегімнен тепті" дейді. Кім біледі? Ол ақылды жігіт шығар. Тек тәрбиесі сондай болған шығар. Бірақ, біз бұған шыдап келдік. Кейде қатал да шешімдер керек сияқты", - деді өнер иесі.
Сонымен қатар әнші Димаш Құдайбергенге қатысты айтқан пікірін халық басқаша түсініп қалғанын айтты.
"Бір нәрсе айтқанмын - репертуар жағынан. Рас қой, мен өзім армандадым, Димаштың репертуарындай мықты репертуар болса екен. Соған біздің мықты композиторларымыз жұмыс істесе екен. Арнайы, уақытын бөліп. Қашанғы Димаш шетелдегі мықты әндерді 10 есе, 100 есе жақсы қылып айтып береді. Шетелдің әні - шетелдің әні. Талас-таласпа. Мен соны айтып едім. Димашқа ылғи да тақымымды қысып отыратын адамдардың бірімін. Бәлкім, мен қатал шығармын, көп мақтай бермейтін шығармын. Бұл - мен оны жек көреді деген сөз емес", - дейді әнші.
Еске сала кетейік, әнші бұған дейін Аман Тасығанның Talklikе бағдарламасына берген сұхбатында Димаш Құдайбергенннің репертуарына қатысты ойын айтқан болатын.
"Димаштың диапазонына арналған әндер жазылуы керек. Оған композиторлар туды ма, туған жоқ па, білмеймін. Жалғыз Лұқпан (Лұқпан Жолдасов - автор.) шырылдап әйтеуір бірдеңелер жазады. Оның өзі маған ұнамайды, шынымды айтсам. Димаш айтатын өлеңдер емес. Өкінішке қарай, Димаш қазір шетелдің әндерін айтып жүр ғой. Репертуарына келгенде "е, шіркін, осы қазақтың әнін Димаш айтты" дегенге келтіретін бір ән таппай жүр ма деп ойлаймын. (...) Жақсы композиторлар әндерін ұсынбай жатыр ма, ол өзінде де уақыт жоқ шығар қазір", - деген еді Мейрамбек Бесбаев.
Айтпақшы, халықтың сүйікті әншісі сұхбат барысында карантин уақытын тиімді пайдаланып, деректі фильмдер көріп, кітаптар оқып жатқанын да қоса кетті.