07 жел, 2016 сағат 17:07

Мейіргүл министрге: Қалмұханбет ата, әке-шешем Қазақстанға тезірек қайтсыншы

- Қазақстанға оралғанымен еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін кері қайтарылған қандастарымыздың қарасы қалың. Солардың қатарында 9 жастағы Мейіргүлдің де ата-анасы бар. 

Қазіргі уақытта Алматыда жалғыз өзі қалып, туыстарының үйін паналаған кішкентай қыз бүгін елордаға арнайы келіп, мұңын Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа ақтарды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Нұр Отан» партиясында өткен қоғамдық қабылдауда Мейіргүл министрге арнайы жазылған өтінішін табыстады. Ата-анасымен тез арада қауышатындығына үміт артқан ол ел Тәуелсіздігің 25 жылдығына орай шеттен оралғанғанымен Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзып кері қайтарылған қандастарымызға да рақымшылық жасалса дейді.  


Оқырманға Мейіргүлдің министрге жазған хатын ұсынбақпыз.

«Қалмұханбет Қасымов атаға өтініш! Менің атым  Мейіргүл. Жасым 9-да. Алматы қаласындағы №93 мектептің 3 «ә» сыныбында оқимын. 2013 жылы Қытайдан Алматыға көшіп келгенбіз. Ол жақта қытай балабақшасында оқыдым. Ата-анам мені қазақша оқытамын, қызым қазақ болып өссін деп, мен үшін Қазақстанға көшіп келді. Әкемнің аты  Ұларбек, анамның аты  Оралхан. Бірақ әкем мен шешемді полиция құқық бұздың деп Қытайға шығарып жіберді. 5 жыл келе алмайды екен. Мен Алматыда жалғыз өзім қалдым. Мен ата-анамды қатты сағындым. Түнде төсекте жатқанда күнде жылаймын. Олар күнде түсіме кіреді. Тез келсе екен деп Алладан күнде тілеймін. Қалмұханбет ата мен секілді сіздің де немереңіз бар шығар, маған көмектесіңізші, өтінемін. Әкем мен шешеме және сондай кісілерге бір жолға рақымшылық жасаңызшы. «Нұр Отан» партиясына сол үшін Алматыдан келдім. Олар Қазақстан тез қайтып оралсыншы. Мен оларды қатты сағынып кеттім», - дейді 9 жастағы Мейіргүл министрге жазған хатында.