08 қаң, 2018 сағат 06:37

Меруерт Түсіпбаева: "Маған қоқан-лоққы жасап жатыр"

Әнші, актриса Меруерт Түсіпбаева өзіне қоқан-лоққы жасап, желіде тілдеп, арын қорлағандарды сотқа бермек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" sputniknews.kz порталына сілтеме жасап.

"Біз демократиялық қоғамда тұрып жатырмыз. Мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ретінде миллиондар қатарында өз пікірімді айттым. Бұған менің құқығым бар!! Оған жауап ретінде апалы-сіңлілер маған тіл тигізіп, арымды қорлап, жала жапты!! Кешегі күннен бастап маған қоқан-лоққы жасап жатыр. Мен көп уақыт шыдадым. Енді тиісті құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүрмін. Ескертемін! Барлық қоңыраулар, комментарийлер жазылады. Сотта кездесеміз!", — деп жазды Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында

Артынша ол парақшасына өзін тілдегендердің жазғанын салып, тіпті біреуінен жауап алынып жатқанын жеткізді.

"Біздің елімізде тіпті сериал туралы пікір айту қауіпті", — деп жазған әнші.

Айта кетейік, Меруерт Түсіпбаева Баян Алагөзованың даулы "Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" телехикаясын сынап, оны түсіруге жұмсалған мемлекет қаражатын қайтаруды талап еткен болатын. Бұған продюсер "Хит әндер орындап, керемет рөлдерді сомдай алмағаның үшін кешірерсің. Сол себепті продюсер ретінде сенің кәсіби біліктілігіңе күмән келтіремін, оған толықтай хақым бар. Өкпе-ренішіңнің де орны бар, рөл берсек, басқаша сайрайтын едің", — деп жауап берді.