08 жел, 2020 сағат 13:30

Мереке күндері жаппай шаралардан бас тартып, бетперде режимін қатаң сақтау керек – дәрігер

 

Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Біржан Оспанов Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифинг барысында алдағы мереке күндерінде коронавирусты жұқтырып алмау жөніндегі ұсыныстармен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мереке күндері, соның ішінде Жаңа жыл мерекесі кезінде біз әрқашан пациенттердің үлкен ағымын күтеміз. Себебі, жылда болатын статистикалық дерек осыны көрсетеді. Бірінші кезекте, бұл петарда, отшашу және тағы да басқа заттарды қауіпті пайдаланғандағы жарақаттарға. Одан басқа тұрмыста болатын жарақаттар бар. Сондай-ақ, түрлі тағам немесе сусыннан, ішіміктен уланып түсетіндердің де қатары өте көп», - деді Біржан Оспанов.

Сонымен қатар, коронавирусқа қатысты жағдайды ескере отырып, Біржан Оспанов алматылықтарды жаппай шаралар өткізуден бас тартуға, соның ішінде мереке кезінде басқосуды шектеуге шақырды. 

«Біз жақындарымызбен, достарымызбен араласып тұрғанды жақсы көреміз, әсіресе мереке күндері олармен бірге болғымыз келеді. Құрметті азаматтар, біз сіздерден байланысты шектеуді, көп болып жиналмауды, осылайша туыстарыңызды қорғауды сұраймыз. Себебі бұл - өте өзекті мәселе. Туғандарыңызға жаныңыз ашыса, солай еткеніңіз жөн. Көпшілік іс-шараларды өткізуден аулақ болу керек. Вирустың байланыс жасау және ауа тамшылары арқылы таралатынын есте ұстаған жөн. Бетперде киіңіз, қолыңызды антисептикпен тазартыңыз, бөлмелерді дезинфекциялаңыз», - деді ол.

Бұған дейін Медицина ғылымдарының кандидаты, Қарағанды медициналық университетінің Клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі, профессор Шолпан Қалиева коронавирустан қорғанудың басты факторларын атаған болатын. Оның айтуынша, маска тағу, әлеуметтік қашықты сақтау, дезинфекция вирустан қорғайтын басты шаралар болып отыр. 

«Адамдар ауыра ма, ауырмай ма оған қарамастан көп байланысқа түспеуге тырысу керек. Адамдар ауыратынын білмеуі де мүмкін. Сондықтан, маска тағуға міндетті. Өйткені маска вирустың 70 пайызын сүзеді. Адам жұқтырған жағдайда да вирус жүктемесы де аз болады. Қоғамдық орындарға барған соң қолды санитайзермен тазалау керек», - дейді Шолпан Қалиева.

Ал Алматы қаласы Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев биыл ЖРВИ, тұмау, коронавирус қатар жүретінін айтқан еді.

«Тұмау белгісін байқасаңыз міндетті түрде емханаға жүгіну керек. Өзін-өзі емдеумен айналысудың қажеті жоқ. Ең бастысы – дәрігерлермен кеңескен абзал. Хабарласқаннан кейін дәрігерлер сізді бақылауға алып, қажетті емдеуді тағайындайды», - деді ол.