Бүгін «Nur Otan» съезі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бекітті. Осыған орай, ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова өзінің бұрынғы басшысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Меніңше, басқа кандидаттарға қиындау болады. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев - өз жұмысына да, шешімдеріне де берік адам. Сосын өте жауапты әрі сауатты. Барлық салаларды жақсы біледі. Халықаралық деңгейде де солай. Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істегенде өзін кәсіби менеджер ретінде көрсете білді. Аталған ұйымның Женевадағы бөлімшесін жаңғыртуға үлкен үлес қосты. Сол себепті оны «relable» (сенімді адам - авт.) ретінде мойындады. Ол кез келген бағдарламаны басқаруды ғана емес, оны іске асыру тетіктерін де біледі», - деді Б.Әйтімова журналистерге берген сұхбатында
Сенатор «Nur Otan» партиясының атынан президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылатынын іштей жорамалдаған. Сол себепті съезде еш іркілмей, кандидат үшін дауыс берді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты әлем бойынша мойындайды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке ұсынса, оған сенуге әбден болады. Сосын мен өзім Тоқаев мырзаның қарамағында жұмыс істедім және оны адам ретінде жақсы білемін. Мәселен, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев адалдық пен әдептілік туралы айтты. Ол - өзі де сондай адам. Оны сенімді түрде айта аламын», - деп атап көрсетті Б.Әйтімова.
Айта кетейік, бүгін Елбасы «Nur Otan» партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. «Nur Otan» съезі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан бекітті.