29 там, 2017 сағат 09:04

"Менің атамның әлемі" немесе жұмбақ жаратылыстың құпиясы

Айдаһар бейнесі қазақ ертегілерінде жиі кездеседі. Құбыжық, зор күштің иесі, адамзатқа қиянат жасайтын жағымсыз бейненің батырлармен күресіп жатқан суреті санамызда мәңгі қалған. Бірнеше басты алып айдаһар батырлардан жеңіліп, ертегі көңілді аяқталатын. Көз алдымызға елестеген қорқынышты бейнеден өзіміз шошып, әлгі айдаһардың өлгеніне кәдімгідей қуанатынбыз. Барлық ертегілерде жағымсыз кейіпкер ретінде берілетін осы құбыжықтың тірі қалатыны немесе жеңіске жететіні есімде жоқ. Демек, ертегінің мақсаты – жағымсыз бейнені құрбан ету арқылы балаға жақсылықтың, әділдіктің жеңіске жететінін ұғындыру. Ал адамды тірідей жұтуға құмар осы бір құбыжықты неге айдаһар сомдаған? Әдебиеттанушы, фольклоршы ғалым С. Қасқабасов «Айдаһар, түптеп келгенде, ғаламат алып жылан» деп пайымдайды. Біз үшін тек ертегі кейіпкері саналатын алып жылан, шын мәнінде, шексіз мейірім иесі болмағаны анық. Сондықтан болар үйдің шаңырағынан мойнын созып, өзеннен су ішіп, кейде ысқырып аспаннан жаңбыр жаудыратын, өлілер әлемін күзетіп, жанды о дүниеге жеткізуші рух ретінде суреттелетін қорқынышты кейіпкер санамызда жылан да емес, айдаһар да емес, бір түрлі жұмбақ жаратылыс болып орныққан.

Ұлттық музейдің төрінен орын алған С. Нарыновтың «Менің атамның әлемі» деп аталатын мүсіні мені көп ойландырды. Өз құйрығын өзі жұтпақ болған жылан бейнесі қоладан құйылған. Қарапайым жыланға мүлде ұқсамайды. Желке тұсынан жалдай жығыла бітіп, жайқала төгілген сирек қанаттары өзінше сұс беріп тұрғандай. Төрт қана саусақ салаланған қауһарсыз қолдар тарамыстана тұнжырайды. Әлде мұны аяққа баласақ бола ма? Әйтеуір, қимыл-қозғалысынан жұмбақ бір сырдың шеті қылаңдайды.

Әлгі жұмбақ жаратылыспен сырласқым келді. Кез келген шығармадан автордың жан-дүниесін көруге болады. Бұл таң нәрсе емес. Ақын, жазушы, композитор, суретші, мүсінші де айтпағын өз туындысы арқылы жеткізеді. «Айдаһар тектес алып жыланның Сәкен Нарыновтың атасына қандай қатысы болды екен?» деймін. Әлде бала кезде атасы айтып берген ертегілердің естелігінен туған дүние ме? «Менің атамның әлемі» дегеніне қарағанда, атасы тек ертегі әлемінде өмір сүргендей... Өмірін бір шетке ысырып қойып, саналы адамның ертегі кейіпкерлерімен шектеліп отырмасы анық. Солай болған күннің өзінде бүкіл ертегі әлемін жылан бейнесімен ғана жеткізіп тұр ма? Ертегінің жағымды кейіпкерлері көп емес пе? Қарасаң көз тоятын көңілді образдардың да мүсінін жасауға болады ғой. Ойым онға, санам санға бөлінді. Мүсіннің мәнін ұғынғым келді. Автор жасырған оймен бетпе-бет келгі келді. Ақыры тылсым туындыны айналшықтап шыға алмай-ақ қойдым...

Оның қауқарсыз қолдары мен жәудіреген жанары санамды сілкіндірді. Өз көзіме өзім сенбей, қайта-қайта жүзіне үңілемін. Мейірімге мұқтаж кәріліктің жанары. Дәл өзі. Еш айнымайды. Бір нүктеге қадалып, кенже баласының жолын күтіп ұзақ отыратын марқұм атамның әлсіз жанары санамда жарқ ете қалды. Не деген ұқсастық! Таңданып тұрмын.

Әлде автор аузынан от шашқан "құбыжықты" мүсіндеу арқылы кеудесін көкке көтеріп, жолындағыны жаншып өтіп, қарсы шыққанды қағып түсіретіндердің де әлсірейтінін, мейірімге мұқтаж болып, аянышты хәлге түсетінін жеткізгісі келді ме екен? Алғаш көрген адам жауыздыққа жерік сұсты бейнені анық байқайды. Бергеніңді қолдан, бермегеніңді жолдан жұлып алып, таптап өтіп, тарпа бас салуға дайын қатыгездің бейнесі. Ашкөздігі соншалық, тіпті ойындағысы орындалмаса, өз-өзіне қиянат жасауға дайын адуынды ашу, кек, ызаның иесі. Долдана ысқырып, үш оралып, өз ашуын өзінен алып тұрған жыртқыш бейнесі еріксіз баурай түсті.

«Атамның әлемі»... Өз атам есіме түсті. Ол кісінің әлемі қандай еді. Егер бірауыз сөзбен атамның әлемін жеткізу керек болса, не айтар едім? Ой көп, жауап жоқ. Мүмкін, «ата» дегені қоғам шығар? Сенің жағдайыңа қарау былай тұрсын, дәл әлсіз тұсыңнан соққы беріп, жығылып, сүрінгеніңе мойын бұрмай, аяусыз, қойған талабына көндіргісі кеп, ойына келгенін іске асыруға тырысып жатқан дәл қазіргі қоғамның қатыгез келбеті осы мүсіннен айнымайтын сияқты. Қарсы шығуға қауһарың жетпейді, жөн сұрауға жөнді ешкім жоқ, бас көтерсең, жұлып түсіруге дайын дұшпан табасың. Тек ілесу керек. Мынадай адуынды күшпен күресуге ешкім де ниетті емес, тәуекел етіп көндігуден басқа амал жоқ. Автор осыны айтқысы келді ме? Қайдам...

Көзін қара тастан жасамағанына қарағанда, автор, мүмкін, жағымды кейіпкерді мүсіндеді ме? Болмысы сұсты болса да, жанары жұмбақ жаратылыстың жүзінде сәл де болса жылу жасырынып жатқандай. Мейірім мөлдірейді. Бір қарағанда, өз құйрығын өзі тістеген жылан бармағын шайнап, өкініп, шарасыздықты амалсыз мойындап тұрған қарияны елестетеді. Айтқанына көнбей, дегеніне құлақ аспай, жүгенсіз кеткен ұл-қызының қылығына күйініп тұрғандай. Себебі, көздерінен әлдебір мұңның табын сеземін. Санасы уланған ұрпағын кері қайтару мүмкін болмайтынын іштей сезініп тұрған атаның жан әлемінде ашу бар секілді. Енді бір қарағанда, өз заманында қайсар рух, қажырлы қайрат пен көзсіз батылдықтың иесі болған батырдың келбетін байқадым. Әлі де алға ұмтылғысы кеп, әлі де әжетке жарағысы келіп, қарттығын мойындамай айбаттанғанымен, кәрілікті жеңе алмай, сонысына көндіге алмай қиналған хас батырдың бейнесі. Кезінде өзі бастаған қарулы топқа ілесе алмағанына күйініп, күштілер мен мықтылардың соңынан қадалып қарап тұрғандай әсер берді.

Түрлі ой маза берер емес. Қанша топшыласам да, өз болжамыма көңілім тоймады. Көп мүсінге бір қарап-ақ, мағынасын ойша тоқисың. Тарихын танып, айтпағын үнсіз ұғып аласың. Ал мына мүсін бір бөлек сыр жасырып тұрғандай. Қызығушылығым артып, жасырған сырын білуге құмарта түстім. Сәкен Нарыновқа телефон соғып, тілегімді айттым. Ол кісі әңгімеден бас тартпады. Тәлейіме автор Алматыдан Астанаға келе қалып, әдемі әңгіменің сәті түсті.


Сәкен Нарынов Ұлттық музей табалдырығын аттағаннан кейін, мен үшін «жұмбаққа толы әлем» болған жыланға жақындай түсіп, аялай сипады. Сан түрлі сұрақтың астына алсам да сабырлы қарап, әңгімесін бастады.

«Барлық халықтың түсінігінде «ғалам, әлем» деген ұғым қалыптасқан. Ертеде кейбір халықтар піл немесе алып жануар шарды, яғни, жерді ұстап тұр деп сенген. Сондай-ақ, шаршы тектес ғаламды белгісіз нәрсе тіреп тұр деген де түсінік болған. Ал африка елі ғаламды осы айдаһар мүсінінің бейнесінде елестетеді. Ал қазақта алып айдаһар басымен аспанды, денесімен жердің үстін, аяғымен жердің астын тіреп ұстап тұр деген түсінік болған. Бұл, әрине, көне дәуірде қалыптасқан мифтік таным болса керек. Жалпы жыланды айдаһарға ұқсатып, оны киелі деп тану – осыдан бастау алған. Қазақтардың баяғы заманнан жыланның басына ақ құйып құрметтейтіні де баршаға аян».

Автор «Менің атамның әлемі» деп аталатын бұл жұмыста «ата» деп бүкіл бабаларымыз турасында айтқысы келгенін жеткізді.

«Зер салып қарасаңыз, айдаһардың мүсіні сақина тәрізді үш рет оралған. Әр оралған сақина бөлек түсінік береді. Оның әрқайсысында аяқ бар. Мұнда үш түрлі аяқ тұр. Біреуі – бір орында қозғалыссыз тұр, екіншісі – жүгіріп барады, үшіншісі – жай жүріп барады. Бір орында қозғалыссыз тұрған аяқтың денесі тістеліп тұр. Ізденбеген, дамымаған кісі жеңіліс табады, құрбан болады, қоғамға ілесе алмайды деген ұғымды білдіреді. Ал жүгіріп бара жатқан аяқтың денесі айдаһардың басына ұласып, дененің басқа бөлігін тістеп тұр. Яғни, үнемі ізденіп, біліп, үйреніп, көзі ашылған кісі мақсатсыз адамды басып озады дегенді білдіреді. Ал жай жүріп бара жатқан аяқтың денесі тістеп те, тістеліп те тұрған жоқ. Ол бірқалыпты қозғалуда. Осы үш аяқ арқылы адамзат дамуының нәтижесін көрсеткім келді», – деп С. Нарынов мүсіннің әр бөлігіне жете тоқталып, астарын аша әңгімелеп.

Бұл мүсін беде шөбінің формасымен жасалыпты. Өсімдіктің бұл түрі туралы деректер сақ мәдениеті жөніндегі жазбаларда кездеседі. Сол дәуірде беденің жапырақтары шексіздіктің, мәңгіліктің сипатын білдіріпті. Мүсіндегі үш сақина – белгілі бір ғаламның үш түрлі көрінісі.

«Ал жылан неге өз құйрығын тістеп тұр?» деген сұраққа С. Нарынов: «Мен ерте дәуірдегі қазақ танымын бүкіл халықтың мифтік түсінігімен үйлестірдім. Сол арқылы жалпы адамзатқа ортақ ұғым қалыптастырғым келді. Қалай дейсіз ғой? Бұл мүсінде уроборостың бейнесі бар. Уроборос – сақина түрінде оралған, өзінің құйрығын өзі тістеп тұрған айдаһар бейнесі. Мүсіндегі жыланның сақина түрінде оралуы ғаламның үздіксіз қозғалысын білдіреді. Уроборос, яғни, айдаһар, күндіз белгілі бір көлемге дейін өз денесін жейді, ал түнде сол жеген көлеміне дейін қайтадан өседі. Бұл туралы ғылымда айтылған. Бұл – тепе-теңдік заңы. Ал егер ол артық жесе, онда өсіп үлгермейді де, өз-өзін құрбан етеді. Егер аз жесе, бәрібір көп өседі де, өте зор көлемге ұлғайып, өзін-өзі меңгере алмайды. Өмірде осы заңдылық сақталу керек. Өмірден өз үлесіңді алу үшін, барыңды өзгемен бөлісуің қажет. Білгенін басқаларға үйреткен адам ғана бағалы болады. Мен осыны насихаттағым келді. Мүсінде қазақ халқы құрметтейтін киелі жыланмен бірге айдаһардың бейнесі үйлестірілген», – деп, автор жылан бейнесі жасырған сырды ашып берді.

Уроборос алғаш рет Мысыр елінде бейнеленіп, уақыттың тұрақсыздығын сипаттайтын белгі ретінде танылыпты. Кейінірек бұл белгі түрлі елдерге кеңінен таралып, әр халық өз танымына сай түсінік берген. Ежелгі Грецияда уроборос басы мен соңы жоқ белгісіз кезеңді сипаттайды. Сондай-ақ, бұл белгі үнді, қытай халықтарында да кездеседі. Өмір өлшемін, өмір мен өлім, үнемі даму мен өлу, өсу және жоқ болу секілді ұғымарды насихаттау үшін пайдаланылған. Бұл бейне  діннің тарихында да кездеседі. Уроборос алхимиядан да көрініс тауып, өзіндік сипатқа ие болған. Аталған бейнені магия, психология, мифтік көзқарастардан да кездестіруге болады.

Ұлттық музейдегі бұл мүсін екінші рет өңделіп, қайта жасалған жұмыс екен. Алғашқысы ҚР Тұңғыш Президенті музейінде тұр. Автор идея туғаннан кейін, екі жыл жұмыс істеген. Екінші жұмыстың қоладан жасалғаны болмаса, қос жұмыстың айырмашылығы көп емес. Жыланның терісіндегі қабыршықтар жеке-жеке қолмен жасалып, қатар тізілген. Жалпы мүсіннің формасы дайын болған соң, екінші мүсінді жасауға көп уақыт қажет болмапты. Бұл жұмыс үш айда аяқталған.

Өзіне магниттей тартып, «жұмбағын» жария етуге асықтырған жаратылысқа құрметім арта түсті. Бұл мен ойлағандай қоғам да, өкінген ата да, қауқарсыз хас батыр да емес, бабаларымыздың әлемінен хабардар етіп тұрған туынды екен. Он сегіз мың ғаламның жазылмаған, бірақ адамзатқа ортақ «беру мен алу» туралы басты қағидаттарын насихаттап тұрғанын енді ұққандаймын. Ол қағиданы атам қазақ: «Кең болсаң, кем болмайсың» деп бірауыз сөзбен айта салған. Көрген жақсылығына себеп болған кең пейілділіктің қадірін түсініп, сол асыл қасиетті өз нәпсісінен қызғыштай қорып, құдайға «барымды алсаң да, пейілімді алма» деп жалбарынғаны баршамызға аян. Ұлттық музейге бас сұқсаңыз, ғаламдық ақиқатты арқалап, адамның сау, табиғаттың бар болып, тіршіліктің түзу жалғасуына өзіндік үлесін қосып тұрған айдаһарға амандаспай кетпеңіз.

Ләйлә Ноғайбек,

Ұлт порталы