DAZN стримингілік сервисімен келісімшартқа қол қойған орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34КО) спорттық мансабының жаңа бетін бастайтынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мен оралдым! DAZN-мен мансабымның жаңа парағын бастауға және менің мұрамды бекіте түсуге дайынмын», - деп жазды Головкин Инстаграмда.
Тараптар келісімшартқа қол қойылғаны туралы 8 наурызда мәлім еткен болатын. Құжат үш жылға рәсімделген. Бұл уақыт аралығында қазақстандық боксшы барлығы алты рет, яғни жылына екі жекпе-жектен өткізеді. Онымен қоса, 2020 және 2021 жылдары Головкин «GGG Promotions» компаниясындағы боксшылар үшін DAZN-да төрт бокс кешін өткізу мүмкіндігіне ие болады.
Геннадий рингке маусымның 8-і немесе 16-сы қайта оралады деп жоспарлануда. Оның қарсыласының есімі әзірге белгісіз.
"Баспасөзге берген мәліметінде Эдди Хирн Головкинің алдағы жекпе-жегі туралы келесі аптада хабарланатынын айтты. Сонымен бірге, Андраде "Росадо — Сулецки" жекпе-жегінде жеңген боксшымен жұдырықтасып, WBO белбеуін қорғап қалуға тырысады", - деді Хирн, деп жазады Talksport.com.
Sports.kz сайтының жазуынша, ертең Лос-Анджелесте Головкин мен DAZN стримингілік сервисі бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, келісімшарт жөнінде ресми жариялайтын болады.
DAZN компаниясының әлеуметтік желілерде хабарлаған ақпаратына сәйкес, журналистермен жүздесу дүйсенбі күні, жергілікті уақыт бойынша сағат 16:30-да басталмақ. Астана уақытымен наурыздың 11-інен 12-сіне қараған түні сағат 02.30-да.
Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын Геннадий Головкин "Канело" Альвареспен екі рет кездесті. 2017 жылы 16 қыркүйекте болған жекпе-жек теңбе-тең аяқталса, қарымта кездесуде қазақстандық сәтсіздікке ұшырап, барлық титулынан айырылып қалды.
Былтыр Головкин сонымен бірге IBF чемпиондық белбеуінен айырылып қалды. Мұның себебі – GGG украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтасуға жазбаша келісімін бермеген.