22 мам, 2024 сағат 18:52

Мен апелляцияға дайынмын – Салтанат Нүкенованың ағасы


Фото: видеодан алынған кадр


Бүгін Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді апелляцияға дайын екенін, сотқа әдеттегідей қорғаушылармен қатысатынын жеткізді, деп жазады «Ұлт ақпарат»  inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.


"Біз үкімге шағым түсетінін білдік, сондықтан о бастан апелляцияға дайын болдық…және мен апелляцияға қатысамын, оған менің толықтай құқығым бар. Қорғаушылар да болады. Одан не шығатынын көре жатармыз, бірақ желіде бәрі күліп жатқандай "телехикаяның екінші маусымы" бола қояды деп ойламаймын", - деді Салтанаттың ағасы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында.


Оның айтуынша, алқабилер соты кезінде апелляция процесі анағұрлым оңай әрі тез өтеді. 


"Егер қарапайым сот болатын болса, алдымен апелляциялық сот өтіп, кейіннен Жоғарғы сот, одан әрі іс конституциялық сотқа берілетін еді, яғни бір емес, төрт сот болатын еді. Оған ешкімнің жүйкесі шыдамас", - деді А.Амангелді.