ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мемлекеттік сот орындаушылар неге қысқартылғанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сот актілерін орындау қызметін жетілдіру бойынша қабылданған шаралар және осы институтты одан әрі дамыту тақырыбына тоқталмақпын. Үш миллионнан астам азамат немесе еліміздің алтыдан бір бөлігі жыл сайын мәжбүрлеп орындатуға міндеттеледі. Бұл атқарушылық іс жүргізу саласының нақты ауқымы. Сондықтан оны одан әрі дамыту азаматтардың мүдделерін есепке алу тұрғысынан жүзеге асырылып келеді. Бұл институттың бизнес үшін де маңызы зор. Өндіріп алушының талаптарын борышкердің құқықтарын кемітпей қанағаттандыру, уақыт шығындарын қысқарту, халыққа ыңғайлы ету және цифрландыру атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру жолындағы басты мақсаттар болды. Бұл мақсат кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебін анықтау үшін бес жыл бұрын болған жағдайды қарайық. Ол уақытта проблемалар көп болды», - деп тоқталды министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Осы орайда ол атқару парағының жоғалып кетуі; балаларды қамтамасыз етуді қоса алғанда, берешекті өндірудің төмен деңгейі, мәжбүрлеу шараларын уақтылы қабылдамау және берешек жабылғаннан кейін олардың шешілмеуі, сот орындаушысы тарапынан өз жұмысына қызығушылық танытпауы, борышкердің мүліктік жағдайын тез анықтау мүмкіндігінің жоқтығы, тараптарда іс жүргізу барысы туралы ақпараттың жоқтығы секілді мәселелер болғанын атап өтті.
«Қордаланған мәселелерді шешудің бірінші кезеңі ретінде жеке орындаушы жүйесіне көшуді атап өткен жөн. Бұл өз кезегінде ахуалды айтарлықтай оңтайлы етуге мүмкіндік берді. Бұл тұрғыда істің нәтижесі бойынша сот орындаушысының қызығушылығы мәселесі ішінара шешілді. Мұнымен қоса, Ұлт жоспарының 27-қадамы аясындағы екінші кезең сот орындаушысы институтын ары қарай дамытуға тың серпін берді», - деді М. Бекетаев.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылдан жеке сот орындаушыларына ауқымды сомада мемлекеттік мүддесіне қатысты істерден басқа барлық құжаттарды орындау бойынша өкілеттік берілді. Аталған мемлекеттік мүддеге байланысты құжаттармен мемлекеттік сот орындаушылары айналысады.
«Мемлекеттік сот орындаушыларының саны көп болуына орай, оңтайландыру шаралары жүргізіліп, олардың саны төрт есеге қысқарды, яғни 1245-тен 303-ге дейін. Жеке сот орындаушыларының санын үш есеге, 2200-ге дейін арттыруға мүмкін болды. Бұл өз кезегінде Республика бюджетінде 1,4 млрд теңге шамасындағы қаржыны үнемдеуге жол берді», - деді Марат Бекетаев.