13 жел, 2016 сағат 09:48

Мемлекеттік награда иегерлері анықталды

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" басылымы жазды.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы С.Қ.Ақшолақовқа және Қостанай облысының «ТПК «Қарасу» ЖШС бас директоры А.Ж.Тұрсыновқа берілді.

«Отан» орденімен Астана қаласы «Стройконструкция» АҚ президенті В.Д.Буллер, І дәрежелі «Барыс» орденімен – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Р.Жақсыбеков және Жоғарғы соттың Төрағасы Қ.Ә.Мәми, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы З.Р.Габидуллина, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ президентінің кеңесшісі Ф.Х.Галимов, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ президенті М.Жұрынов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы К.Қ.Мәсімов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.М.Тәжин, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының институт директоры З.Л.Федотова, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – журналист, қоғам қайраткері А.Бекбосын, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Б.Ә.Бекназаров, «Базис» холдинг компаниясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы А.Я.Белович, композитор А.Қоразбаев, Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Н.А.Коржова, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед, Оңтүстік Қазақстан облысы «САУТС ОЙЛ» ЖШС президенті С.Сейтжанов, Ақмола облысы «Агрофирма «TNK» ЖШС бас директоры Б.Т.Уәлиев, академик Т.Шарманов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрайымы Ү.Б.Шаяхметова және басқалар марапатталады.

Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді, олардың арасында «Тұран» университетінің ректоры Р.А.Алшанов, актер Д.Т.Ахимов, «Ұлттық өнер» ЖШС директоры Т.Н.Бурмистрова, «Қазақстан Алюминийі» АҚ президенті А.Б.Есенжолов, жазушы Қ.Жиенбай, «Камерата Казахстана» классикалық музыка ансамблі» РМКК директоры Г.К.Мырзабекова, Маңғыстау облысы «Сенек» ЖШС директоры Қ.Наурызмағанбетов, «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» ҚҚ президенті Е.Н.Нұрғалиева, Солтүстік Қазақстан облысы «Тайынша-Астық» ЖШС бас директоры А.Б.Рафальский, Сәулетшілер одағының президенті А.И.Рүстембеков, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері Қ.Тастанбеков пен Т.Тасыбекова, ақын С.Тұрғынбекұлы бар.

ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Вайнах» Қарағанды облысының чешен-ингуш этномәдени бірлестігі» ҚБ төрағасы У.Х.Джанаев, Астана қаласы «Жастар театры» МКҚК көркемдік жетек­шісі Н.Жақыпбай, «Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық инженерлік академиясы» РҚБ президенті Б.Т.Жұмағұлов, «Акушерлік, гине­кология және перинатология ғылыми орта­лығы» РМК профессоры Н.Ә.Каюпова, «Мем­лекеттік республикалық корей музыкалық коме­дия театры» РМҚК директоры Л.А.Ни, «С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық меди­цина университеті» РМК профессоры К.С.Ор­мантаев, әнші Р.Қ.Рымбаева, жазушы Р.Сей­сенбаев, Моңғолияның «Жерлестер» қазақ қоғам­дық ұйымы төрағасының орынбасары С.Тәу­кейұлы және басқалар ие болды.

«Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық университеті» РМК профессоры Қ.Алпысбаев, жазушы Ж.Ахмадиев, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы «№19 жалпы орта білім беру мектебі» ММ директоры Ә.С.Ахмерова, режиссер Р.Ж.Әбдірашов, Алматы қаласы «аймақтық диагностикалық орталық» РМК рентгенолог-дәрігері М.С.Байжанов, «Ертіс су жолдары кәсіпорны» РМҚК «Малайсары Тархан» кемесінің кезекті капитан-механигі А.Н.Бедрин, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары М.С.Бекбосынова, «Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі» МКҚК директоры К.Ш.Ботабаев, Алматы облысы «Дәулет Бекет» ЖШС бас директоры С.Ә.Дәулетов, Атырау облысы Елтай ауылдық округінің әкімі Е.Ж.Дүйшім, Батыс Қазақстан облысы «Киргенев» ШҚ басшысы Қ.Е.Киргенев, Ақтөбе қаласы «Облыстық Достық Үйі» МКҚК «Достық сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Б.Ж.Зейнелов, шахматшы Д.Р.Сәдуақасова, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Б.Солтыбаев бар.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруа­шы­лығы және басқа материалдық өндіріс сала­ларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері атанды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет және әлеуметтік саланың 53 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 539 адам наградталды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Наградталғандардың тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.