14 нау, 2022 сағат 15:45

Мемлекетті хаосқа жібермеген басшыны көзі ашық, көңілі ояу адам бағалай білуі керек - Жаңбыршин


Президенттің табанды позициясы, өткір шешімдері және Қазақстан халқына қайта-қайта жасаған үндеулері қаңтар оқиғасы кезінде қаскөйлердің арам ойларын іске асыруға мүмкіндік бермеді. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин осындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, Алматы облысы, Алматы, Тараз, және басқа да қалаларда бейбіт шерулер арандатушылардың кесірінен жаппай бұзақылық пен қантөгіске ұласты. Қаншама бейбіт азаматтар мен қарусыз құқық қорғау қызметкерлері жараланды, қаза тапты. Мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандар қирады. Бұл әдейі ұйымдастырылған әрекет деп есептеймін. Өйткені Президент Тоқаевтың іске асыра бастаған саяси және экономикалық реформаларына қарсы топтар осындай қатыгездікке барды. Иә, елде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелер бар. Ол жасырын емес. Осы жағдайды ұтымды пайдаланғысы келген билікқұмар арамзалар халықтың атын жамылып, өздерінің арам пиғылдарын іске асырғылары келді. Тіке айтқанда олардың ойлары мемлекетте төңкеріс жасау еді», - деді Мәжіліс депутаты.

Еділ Жаңбыршин осындай сын сағатта Президент бүлікті ұйымдастырушылар күтпеген қадамға барғанын айтады.

«Қантөгісті ұйымдастырушылар Мемлекет басшысы бүкіл өңірлер көтерілгенде елден кетіп қалады немесе өз орынын босатады, билікті оңай бере салады деп ойлаған болуы керек. Мұндай жағдайлар бүлік шыққан мемлекеттерде болғанын жақсы білеміз. Шынында да елде ауыр жағдай орын алды. Билік қыл үстінде тұрды. Алайда, Қасым-Жомарт Кемелұлының табанды позициясы, өткір шешімдері және Қазақстан халқына қайта-қайта жасаған үндеулері көңілге сенім ұялатып, қаскөйлердің арам ойларын іске асыруға мүмкіндік бермеді. Мемлекетті хаосқа жібермеген басшыны көзі ашық, көңілі ояу адам бағалай білуі керек», - деді депутат.