20 қаң, 2025 сағат 10:40

Мемлекет бензин бағасын реттеуден бас тартуды жоспарлап отыр. Жанар-жағармай қымбаттай ма?

Фото: Сергей Мальгавко / ТАСС

Қазақстанда жанар-жағармай қымбаттауы мүмкін. Бұған себеп мемлекет бензин бағасын реттеуден бас тартпақ, бірақ Үкімет бағаның күрт өсуіне жол бермеуге уәде беріп отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Энергетика министрлігі бензин бағасын реттеуге қатысты бұйрықтың күшін жою туралы құжат жобасын Ашық НҚА порталында жариялады.

Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстандағы бензин мен дизель отынының бағасы әлем бойынша ең төмен мәндерге ие.

"Мысалы, Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасы литріне 205 теңге, Ресей Федерациясында 288 теңге, Қырғызстанда 385 теңге, Өзбекстанда 489 теңгені құрайды. Қазақстанда дизель отыны литріне 295 теңге, Ресей Федерациясында 355 теңге, Қырғызстанда 427 теңге, Өзбекстанда 528 теңге тұрады. Осылайша, АИ-92 бензинінің бағасындағы айырмашылық 40%-дан 138%-ға дейін, дизель отынына 20%-дан 79%-ға дейін жетеді. Бұл тапшылықты, саланы жаңғыртудың мүмкін еместігін, отынды әртүрлі заңсыз схемалар арқылы шетелге әкетуді тудырады", – делінген министрліктің түсіндірме жазбасында.

Энергетика министрлігі жанар-жағармайға баға белгілеудің тұрақты моделі саясатын жүзеге асыруды жоспарлауда.

Бұл саясат:

сұраныс пен ұсыныс арасындағы нарықтық теңгерімді құруға;

отын тапшылығын жоюға;

мұнай өңдеу саласын жаңғыртуды ынталандыруға;

жаңа жұмыс орындарын құруға;

ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуға бағытталған.

"Азаматтардың мүдделерін қорғау үшін әлеуметтік қолдау шараларын көрсету жалғасады, ал ауыл шаруашылығы өндірушілері ашық схемалар мен қолайлы бағалар бойынша дизель отынына кепілді қол жеткізе алады. Энергетика министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп нарықтағы бақылауды күшейтеді, заңнаманың орындалуын және отынның ішкі нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді", – деп уәде етті ведомство өкілдері.