04 қыр, 2017 сағат 11:49

Мемлекет басшысы Жұмағалиев пен Досаевтың Үкіметке оралу себебін айтты

Бүгін 6-шы сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Жұмағалиев пен Ерболат Досаевтың Үкіметке оралу себебін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлемде әлі күнге дейін тынышсыздық орын алуда. Державалар арасындағы диалог санкциялық саясатпен бірге жүруде. Бұл Қазақстанға да әсерін тигізбей қоймайды. Өңірлік жанжалдар да тынышталар емес. Деструктивті идеология өзінің ықпалын кеңейтуді жалғастыруда. Бұған қоса, жаңа мүмкіндіктер берумен қатар тәуекелдері де бар жаппай цифрландыру қарқын алып келеді. Мұның барлығы да жаңғыру сағатында есептің жылдармен емес минуттармен жүріп жатқандығын білдіреді. Қазақстан бұл бағыттардың барлығында да міндетті түрде үлгеруі тиіс. Дәл осы жайт Үкімет позициясын  екі жаңа орынбасармен нығайтуға мәжбүрледі», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, Асқар Жұмағалиевтың Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалуы елімізде «Цифрлы Қазақстан» атты ауқымды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырыла бастауымен байланысты болды.

«Біз көшуге тиісті «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мәні өте зор. Мұнымен барлық елдер айналысуда. Бұл дамудың болашағы, еңбек өнімділігі, жаңа технологиялар және онымен нақты адам айналысуы тиіс әрі күн сайын біздің алдымызда Үкімет атынан есеп беруі қажет. Бұл позицияға білімі бойынша ІТ маманы саналатын Асқар Жұмағалиевті тағайындадым. Ол мен тағайындаған лауазымдарда өзін жақсы менеджер ретінде көрсетті. Оған дәл осы учаске тапсырылады. Оның әрбір министрлікте өз өкілі болуы тиіс. Орынбасарлардың бірі айналысуы қажет. Цифрландыру ең алдымен ұлттық компанияларға, өндіріс пен өнеркәсіпке керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке Ерболат Досаевтың қайта оралу себебін де түсіндірді. Есте болса, ол өткен жылдың мамырында Ұлттық экономика министрі лауазымынан отставкаға кеткен болатын.

«Экономиканың макроэкономикалық бөлігін күшейту Ерболат Досаевқа жүктеледі. Ол нағыз азамат, джентельмен ретінде өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан жағдай болды. Бірақ, бұл - оның кінәсі емес. Оның тәжірибесі мен білімі, жұмыс тағлымдамасы еліміздің экономика, қаржы, макроэкономикасын, сонымен қатар бюджетіміздің жартысын тұтынатын әлеуметтік блогын өз қолында ұстауға мүмкіндік береді деп үміт артуға болады», - деді ҚР Президенті.