29 жел, 2024 сағат 00:27

Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға ұшақ апатында қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді тапсырды


Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға ұшақ апатында зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беруді, қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді тапсырды.

"Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндеті жүктелді" делінген хабарламада.


Президенттің пікірінше, бұл ретте ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу маңызды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйін мұқият тексеру қажет екенін мәлімдеді.

Кеңес барысында Үкіметтік комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.