Астана LRT құрылысының бірінші кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін айқындау керек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өтіп жатқан елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЛРТ ұзақтығы 22,5 шақырымды құрайды, 18 станса жоспарланған. Тыңдаңыздаршы, сіздер марафон жарысында 22 шақырымнан да көп жүгіресіздер. 18 станса, демек жолдың бір бөлігі бір шақырымнан сәл ғана асады. Біз жаяу одан да көп жүреміз», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мұндай жобаның бастапқы кезден-ақ мақсатқа сай болмағандығын атап өтті.
«Мұндай жобаны қалай жүзеге асыруға рұқсат берілгендігін мүлдем түсінбеймін. Үкімет пен әкімдікке ЛРТ бірінші кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін, екінші кезеңін аяқтаудың кестесі мен тетіктерін анықтауды тапсырамын. Амал жоқ», - деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдеу тапсырмасымен жүгінгім келеді. Біреулердің шетелге қашып кеткендігін айтып, үстімен жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашып кету екендігі түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті тіпті ол LRT компаниясының басшысы болса да бір ғана орындаушыға ғана назар аударылатын проблема еместігін баса айтты.
«Мәселен, шешімді әкімдік қабылдады. Тереңірек тексеріңіздер, бұл - өте даулы жоба, экономикалық тұрғыда түсініксіз. Әрине, Үкімет пен әкімдіктің қол қолауымен оны жүзеге асыруға тура келеді. Себебі халықаралық міндетте бар. Бұл проблеманың мән-жайын анықтайық», - деді Қ.Тоқаев.
Еске салсақ, Президент LRT құрылысын жеделдетуді тапсырды. Бұған дейін LRT-ның құрылысы уақытша тоқтатылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.