Мемлекет басшысы Baker Hughes, a GE company президенті – бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллиді қабылдады
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканың түрлі саласындағы, соның ішінде машина жасау және энергетика секторларындағы бірлескен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді.
Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысқаны үшін Лоренцо Симонеллиге ризашылық білдіріп, оның компаниясының Қазақстанда жақсы жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
– Түрлі саладағы табысты іс-қимылдар бойынша мол тәжірибеміз бар. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Лоренцо Симонелли компанияның Қазақстанда жаңа жобаларды белсенді жүзеге асырып жатқанын айтты.
– Екінші үйімдей болып кеткен Қазақстанға қайта оралу мен үшін зор қуаныш. Біз өз жұмысымызда жаңа салаларды ашып жатырмыз. Қазақстан біздің компанияның әлеуетін тұтас ел аумағындағы инфрақұрылымды дамыту үшін сәтті пайдаланудың жарқын үлгісін көрсетеді деп ойлаймын, – деді бизнесмен.
Қазақстан Президенті мен компания басшысы келешек ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.