Мемлекет басшысы Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімдігі мен әкімшілік ғимараттар кешенін аралап көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Елбасы Алматы қаласындағы жұмыс сапары барысында Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына барды.
Қазақстан Президентіне Алматының жаңа ауданын салған кезде елімізде жасалған құрылыс материалдарын пайдалану деңгейі 95 пайызға жеткені мәлімделді. 2 мектеп, 3 емхана, 17 спорт және балалар ойнайтын алаңдар салынды. 33 балабақша құрылысы мемлекет-жекеменшік серіктестігі қағидаты бойынша жүзеге асқан. Ауданның 100 пайыз газбен қамтамасыз етілуі маңызды инфрақұрылымдық жетістік саналады.
Бұдан бөлек, Наурызбай ауданының әкімі С.Сайфеденов Мемлекет басышысына салық түсімдерінің 11 есе артқаны, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны төрт есе өскені және Алматының полицентристік стратегиясы аясында табысты дамып келетіні жөнінде баяндады.
– Жаңа әкімшілік орталық ашылғалы мемлекеттік қызметтердің барлығы бір жерден көрсетіледі. Жуық арада мұнда жаңа спорт және мәдениет нысандары пайда болады, тұрғын үй мен балабақшалар салынуда, – деді аудан әкімі.
Соңында Мемлекет басшысы ауданның Ардагерлер кеңесі мүшелерімен әңгімелесті.
– Алматы қаласы тұрғындары санының артуы сәйкесінше оның аумағын да ұлғайтуды қажет етеді. Үш жыл бұрын жаңа Наурызбай ауданын құру жөнінде шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде тиісті инфрақұрылым жасау жолында көп жұмыс атқарылды. Қала орталығымен ыңғайлы әрі жылдам қатынас орнату үшін көлік мәселесіне қатысты қажетті шешімдер де қабылданатын болады, – деді Елбасы.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері аудан жұртшылығының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа аудан құрылғаннан бергі үш жылда оң өзгерістер болып жатқанына орай алғыс білдірді.
***
Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында жергілікті әкімдік, сот, прокуратура, халыққа қызмет көрсету орталығы, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, Қазпошта бөлімшесі, зейнетақы төлеу орталығы, мемлекеттік кіріс, әділет басқармалары және т.б. мекемелер орналасқан.