19 нау, 2026 сағат 18:24

Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесті

Фото: Ақорда

Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

– Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. 


Президент енді еліміздің жаңа Конституциясына сай ғылым саласы бұдан да жоғары қарқынмен дамитынына назар аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңымызда ғылымның өрісін кеңейту негізгі стратегиялық басымдықтың бірі ретінде көрсетіліп отыр. 

Бұл университеттерді, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, ғалымдардың жағдайын жасау – Үкімет жұмысының бір бағыты ғана емес, мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілді деген сөз.

Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр.