Фото: Ақорда
Қазақстанда алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жариялануы мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның маңызын атап өтіп, ел дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл кезеңде мемлекет пен азаматтардың өзара ықпалдастығын жаңғырту қажет.
Президент былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалғанын еске салып, енді қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша да рақымшылық жариялауға болатынын айтты.
«Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалады. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жаңа Конституцияны стратегиялық сенім мандаты ретінде бағалап, оны қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтатын маңызды құжат деп атады. Оның пікірінше, Ата заң ел бірлігінің символы әрі Қазақстанның өркениетті даму жолындағы берік тұғыры болып қала береді.
