Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне үн қатып, бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осында қатысып отырған әкімдерге үндеуім - барлық ескертулерді түртіп алыңыздар. Бұл жерде бизнес-қоғамдастықтың аз ғана бөлігі отыр. Олардың басым бөлігі өңірлерде, сондықтан шұғыл шешімді қажет ететін қазіргі міндеттер бойынша бірге жұмыс істейік.
Әкімдердің жұмысы айтарлықтай дәрежеде бизнестің тартымдылық параметрлері бойынша бағаланады. Мұндай кездесулерді жалғастыра береміз, олар іскерлік сипатта болады», - деді Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде.
Еске салайық, бүгінгі шараға Президент әкімшілігі мен Үкіметтің басшылығы, құқық қорғау органдары мен бақылау-қадағалау функциясы бар мемлекеттік органдардың жетекшілері де шақырылған. Күн тәртібінде бизнестің құқығын қорғау, кәсіпкерлердің жаңа экономикалық саясатты іске асыруға атсалысу, шағын және орта бизнеске жүйелі қолдау көрсету мәселелері қарастырылады.