06 нау, 2025 сағат 16:07

"Мектепті террористер басып алды": жалған хабар берген оқушының ата-анасы 19,6 млн.теңге айыппұл арқалауы мүмкін

Фото: Polisia.kz

Қостанайда қалалық мектептердің бірін террористер басып алды деп хабар берген бесінші сынып оқушысының ата-анасы жазаланатын болды, деп хабарлайды Ult.kz.

4 наурызда оқушы полицияға хабарласып, мектепті террористер басып алғанын айтқан. Оқиға орнына әр түрлі қызметтердің өкілдері: полиция, құтқарушылар, ҰҚК қызметкерлері дереу барып, аумақты мұқият тексерген. Алайда қауіп расталмады, сондай,ақ жарылғыш заттар мен күдікті адамдар табылмады.

Полицейлер дереу қоңырау шалушының жеке басын анықтады. Ол сол мектептің 5-сынып оқушысы болып шықты. Үрей тудырған әзіл оның отбасы үшін ауыр зардаптарға әкелді. Қазіргі уақытта полицияның көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Процессуалдық шешім қабылданғаннан кейін ата-анасы жауапкершілікке тартылады.

"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 19,6 млн.теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген", - дейді полицейлер. 


Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан оны мектеп оқушылары да есте ұстауы керек.

Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелу қажет. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.