28 ақп, 2025 сағат 12:53

Мектептегі буллинг тәрбиеден кеткен қателік пе?


Фото: Shutterstock
Қазақстанда өткен жылы 1800-ден астам бала сыныптастары мен мұғалімдер тарапынан боулинг туралы Бас прокуратураның Telegram-арнасының чат-ботына және мектептердегі QR-кодтар арқылы хабарлаған. Тексеру нәтижесінде 200-ге жуық адам жауапқа тартылған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша елде балалардың 20% -ға жуығы ара-тұра буллингке ұшырайды. 

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, Қазақстанда буллинг оқиғалары 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 5% төмендеген. Ол балалардың бір біріне әлімжеттік көрсетуінің әр түрлі себебі болады дейді.

«Мұнда мәселені кешенді түрде қарау қажет. Себептері әртүрлі. Негізгі себептердің бірі – интернет. Балаларға гаджеттер қолжетімді. Екінші негізгі себеп – ата-аналардың жауапкершілігінің төмендеуі. Бүкіл қоғам, депутаттар, үкімет, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ – осы бағытта бірге жұмыс істеп, халықты, ата-аналарды ақпараттандыру қажет», – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беру кезінде. 


Жақында Семейде 6-сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары соққыға жыққаны туралы жазған болатынбыз. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, зардап шеккен баламен психолог жұмыс істеп жатқанын полиция хабарлаған. Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 25 ақпанда Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін және Семейде жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмысты талқылағанын айтты. Тәрбие жұмыстарына салғырт қарағаны үшін «Жас Ұлан» ерлер лицейінің директоры сөгіс алды.  Ал төбелесті ұйымдастырған оқушылар оқыған мектептің директоры қызметінен кетті. Сондай-ақ соққыға жығылған балаға қазақстандықтар 24 миллион теңге жинап берді.

Мектептегі буллинг тәрбиеден кеткен қателік пе? Ult.kz тілшісі бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Ринат Заитовқа қойды.

«Бұл кешегі Семейде болған оқиға ғана емес, жалпы Қазақстанда осындай көп оқиғалар болған. Бұл ненің нәтижесі? Біз ұрпақ тәрбиесін далаға тастап алғанымыздың нәтижесі. Жасандылық болды. Біз ұрпақты былай тәрбиелейміз деп, жиналып алып, қолына жалау ұстатып қою, бірақ кез келген жасөспірім бала келешек осы мемлекеттің тізгінін ұстайтын азамат екенін бойына сіңіріп, Абайдың біз жиі айтатын «Адам болам десеңіз» деген бес қағидатын бойына сіңіріп өсірмейінше осылай бола береді. Өйткені жаһанданудың барысында бізде кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады біздің балалар. Тіпті 13 жастан асқан балалар жасырын телеграмм арналардан порнографиялық сайттарға да кіре алады. Ол жасырын емес. Жеке түсіріліп жатқан сериалдарды көріңіз, тек нашақорлық, зорлық зомбылық, алаяқтық жайында. Жанында идеологиялық ешқандай құрал жоқ. Мен кеше ғана «Болмаған балалық шақ» деген киноның тұсаукесерінде болдым, міне идеологиялық құрал деген осылай болуы керек. Дәл сол киноның аясындағыдай. Ол болмайынша қатігездік қайталана береді», -дейді ол.


Сонымен қатар депутат кедейшіліктің артуына байланысты отбасындағы үлкен проблемалар мен жанжалдар болатынын айтты. Сондықтан бұл проблемаға тек ата-ана, мектеп немесе Үкіметтің кінәсі деп қарауға болмайды деп отыр.

Айта кетейік, 2024 жылы бала құқықтарын қорғау саласында 3 негізгі заң қабылданды. Ult.kz тілшісі депутаты Ринат Заитовтан «жаңадан қабылданған заңның күшімен балалар арасындағы буллингті азайта аламыз ба?» деп сұрады.

«Мәселені жазалаумен шешу мүмкін емес, Айыппұл дедік, айыппұл жол апаттарын азайтты ма? Жоқ. Біз проблеманы үстінен қаза береміз. Үстінен қазбауымыз керек. Ол тереңдей береді. Астынан қарсы алып алуымыз керек. Біз айыппұл салатын адамдарды тәрбиелемеуіміз керек, сол айыппұлды тудырмайтын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек», -дейді депутат.


Сонымен қатар Ринат Заитов біз ұрпағымызды қандай ұрпақ етіп тәрбиелеп шығаратынымызды анықтап алуымыз керек деп есептейді. 

«Идеология, идеология дейміз. Ненің идеологиясы? Зұлымдықтың идеологиясын ба, діннің идеологиясын ба, Қазақстанның өркендеуі, Алаш идеологиясын сіңіреміз бе, осыны анықтап алуымыз керек», -деп отыр ол.


Депутаттың пікірінше жас ұрпаққа үлі боларлық тұлғалар қазір ортамызда жүр.

«Қарапайым мысал айтайын, біз сайлау кезінде бір топ депутат жүрдік. Сол кезде оқушы балалар бірінші жүгіретін адам Асхат Аймағамбетов болды. Өйткені олар үшін ол министр болған, мұғалімдердің сүйіктісі, ол өзінің тұлғалығы қалыптасқан. Ардақ Назаровты барған жерде спортсмен боламын дейтін балалар үлгі тұтады. Сол сияқты әр салада үлгі боларлық тұлғалар жүр», -дейді Ринат Заитов.


Балжан Жеңісқызы