Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында «Тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы басты міндет – міндетті медициналық сақтандыруды енгізу», деп атап көрсеткен еді. Нәтижесінде, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» арнайы заң жобасы жасалып, денсаулық сақтаудың жетілдірілген жаңа жүйесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілу жоспарлануда. Яғни еліміздің денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және медициналық қызмет көрсету бағытында түбегейлі өзгерістер күтілуде. Алайда, қолданысқа дайындалып жатқан жаңа жүйе туралы әлеуметтің ақпараты аз болып тұр. Тіптен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі дегеніміз не, оның артықшылығы мен тиімділігі неде деген мәселелерде түсінік таяз. Оған редакциямыздың хат-қоржынына келіп жатқан оқырман хаттары куә. Олқылықтың орынын толтыру мақсатында оқырман сауалына орай мамандардың жауабын назарға ұсынып отырмыз. Сонымен…
МӘМС дегеніміз не?
Айгүл Сыздықова,
Астана қаласының тұрғыны:
– Жасыратыны жоқ, еліміздің денсаулық сақтау саласы реформалардан көз ашпай келеді. Бірақ, бұл реформалардың нәтижесінде медициналық қызмет көрсетудің сапасы жақсарып кете қойған жоқ. Енді міне, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек екен. Қысқа қайырғанда, МӘМС дегеніміз не? Бұл өзі қай елдің тәжірибесіне негізделіп отыр?
Серікжан Сабыралиев,
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің бас сарапшысы:
– Біріншіден, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің басты мақсаты – еліміздегі медициналық қызмет көрсету жағдайын жақсарту, азаматтардың тегін медициналық көмек алуына қажетті кепілдіктерді қалыптастыру болып табылады. МӘМС жүйесі жұмыс істей бастаған кезеңде қорға жарна төлемеген азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде жедел медициналық көмек, санитарлық авиация көмегі, әлеуметтік мәні бар аурулармен сырқаттанған адамдарға қажетті медициналық көмек көрсетіледі және сауықтыру екпелері жасалады. Табысы жоқ және қорға жарна аудара алмайтын азаматтарға 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек тегін көрсетіледі.
Қазіргі кезде медициналық сақтандыру жүйесі көптеген елдердің тәжірибесінде тиімді жұмыс істеп тұр. Мәселен, еуропаның 16 елінде. Атап айтқанда, Түркияда (1945 жылдан бері), Жапонияда (1961 жылдан бері) әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бюджеттік жоспарлауды алмастырып, тиімді жұмыс істеп келеді. Қазақстандық МӘМС моделін әзірлеу кезінде біз Германия, Ресей Федерациясы, Литва және Шығыс Еуропа елдері – оның ішінде Словакия, Чехия, Польша елдерінің тәжірибелерін негізге алдық. Осы елдерде қолданылып келе жатқан МӘМС моделінің озық үлгілері қазақстандық тәжірибеде іске асырылатын болады.
Ауылдағылар қайда емделеді?
Кәмеш БОРИН,
Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Үшсарт ауылынан, жеке шаруа:
– Біз ауылдық жерде тұрамыз. Қазір ауылымызда жекелеген шаруа қожалықтары ғана жұмыс істейді. Соңғы жылдары зайыбым да, өзім де ешқандай жерде жұмыс істемейміз. Үш баламыз бар. Жұмыссыз ретінде тіркеліп көрген емеспіз. Қолдағы азын-аулақ малымызды өсіріп, күнімізді көріп келеміз. Біз МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызмет түрлерін қалай пайдаланамыз? Ауылда аурухана да, дәрігерлік-фельдшерлік пункт те жоқ. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса қайда барамыз?
Ләззат ШОМАНОВА,
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтердің көлемін бақылау басқармасының басшысы:
– МӘМС жүйесіндегі басқа да медициналық көмекке (амбулаториялық-емханалық, стационарлық, стационарды алмастыратын, паллиативтік, оңалту көмектері және жоғары технологиялық медициналық қызметтер) қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін сіздер жеке кәсіпкер ретінде тіркелулеріңіз немесе жұмыспен қамту орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркелулеріңіз қажет. Сонда сіздер өздеріңіз қорға қаржы төлеу немесе сіздер үшін мемлекет жарна төлеу тәртібін ретке келтіретін боласыздар. МӘМС жүйесіндегі барлық медициналық көмек сіздің балаларыңызға тегін көрсетіледі. Өйткені, сіздің балаларыңыз үшін МӘМС қорына тиісті жарналарды мемлекет төлейтін болады.
Қазір Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты Үшсарт ауылында 182 тұрғылықты адамдар тұрады. Сіздің ауылыңызға медициналық қызметті Қызылсай медициналық пунктті көрсетеді. Бұл медициналық пункте орта білімді мейіргер қызмет көрсетеді және бұл пункт арнайы санитарлық көлікпен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, бұл ауыл тұрғындарына Қорғалжын аудандық орталық ауруханасы мен емханалары кез келген уақытта қажетті медициналық қызмет көрсетуге міндетті.
Жарнаны кім төлейді?
Алтынгүл ӘМІРОВА,
Астана қаласының тұрғыны, дәрігер:
– Мен ұзақ жылдардан бері Денсаулық саласындағы мемлекеттік емханада қызмет істеп келемін. МӘМС жүйесі жұмыс істей бастағанда денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейеді деген сөз бар. Ол қалай жүзеге асырылады? Сонымен бірге, көпшілік көкейінде жүрген тағы бір сұрақ, МӘМС қорына кім және қанша көлемде жарна төлейтін болады?
Ләззат ШОМАНОВА:
– МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді сатып алу әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың тең дәрежеде қатысуы негізінде жүзеге асырылатын болады. Медициналық қызметтерді қор арқылы сатып алу кезінде денсаулық сақтау саласында аккредиттеуден өткен, тиісті медициналық көмек көрсету саласы бойынша үш жыл үздіксіз тәжірибесі бар денсаулық сақтау субъектілері басымдыққа ие болады. МӘМС жүйесі енгізілген кезде емделуші үшін және оған сапалы қызмет көрсету үшін бәсекелестік күшейеді. Бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы жақсарады. Осыған байланысты бұл мекемелерде жалақы деңгейін арттыруға және еңбек жағдайын жақсартуға қол жеткізіледі. Бағдарлама бойынша дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңмен 2030 жылға дейін еліміздің экономикасы саласындағы орташа жалақымен салыстырғанда кемінде екі есе арттыру көзделініп отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, МӘМС жүйесі бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің базасында арнайы қор құрылады. Қазақстандықтар аталған қорға ай сайын міндетті жарналарын аударып отырады. Жарналардың мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7 пайызын құрайды. Бұл ретте мөлшерлеме кезең-кезеңмен ұлғайтылады. Қорға аударылатын жарналардың 5 пайызын өз жұмыскерлері үшін жұмыс берушілер аударады. Бұл ретте кезең-кезеңмен ұлғайтылатын мөлшерлеме межесі: 2017 жылы – 2 пайызды, 2018 жылы – 3 пайызды, 2019 жылы – 4 пайыз және 2020 жылдан бастап 5 пайызды құрайды. Ал жұмыс істеушілердің өздері үшін қорға төлейтін жарналары жалақының 2 пайызын құрайды. Бұл жарнаны аудару 2019 жылдан бастап 1 пайыз көлемінде болса, 2020 жылдан бастап 2 пайызды құрайтын болады. Өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және азаматтық құқықтық шарттар бойынша кіріс алатын басқа да жеке тұлғалар кірістерінің 7 пайызы көлемінде жарна төлейді. Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі бір жалақы мөлшері бизнес субъектісіне арналған арнаулы салық режімінде қолданатын жеке кәсіпкердің немесе фермер қожалықтары басшысының немесе мүшесінің кірісі болып табылады.
Сақтандыру полисі беріле ме?
Сәмиға ТҰЯҚОВА,
«НұрГаз ПромСтрой» ЖШС-ның менеджері, Орал қаласынан:
– МӘМС жүйесі енгізілген кезде медициналық қызметке қол жетімділік қандай дәрежеде болады? Бүгінде «жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақтай» қаптап кеткен жеке меншік медициналық орталықтар көрсететін медициналық қызмет түрлері қолжетімді бола ма? Өркениетті елдерде азаматтарға медициналық сақтандыру полисі беріледі. МӘМС жүйесі енгізілген кезде біздің азаматтарға полистер беріле ме?
Айгүл ӘБІЛДАЕВА,
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің мониторинг және бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту басқармасының бас сарапшысы:
– Медициналық сақтандыру жүйесі тұрғындарды медициналық қызметке жұмсалатын шығындардан қар жылық тұрғыдан қорғау, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету саласының тиімділігін және қаржылық тұрақтылығын жақсарту мақсатында қолданысқа енгізілгелі отыр. Осыған байланысты елімізде МӘМС жүйесін қолданысқа енгізу денсаулық сақтау саласында біршама сапалы өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Атап айтқанда, алғашқы медициналық санитарлық көмекті басымдықпен дамытуға, жалпы тәжірибедегі бір дәрігерге тиетін жүктемені 2 000-нан 1 500 адамға дейін кезең-кезеңмен азайтуға, медициналық қызметтердің көлемін арттыруға жағдай жасайды. Бұл шаралар өз кезегінде медициналық көмектің сапасын арттыруға және емханалардағы кезектерді қысқартуға алып келеді. Бұл жүйе жоғары мамандандырылған оңалту және паллиативтік көмекті ұлғайтуға, азаматтардың осы медициналық көмек түрлеріне қолжетімділігін арттыруға, өлім-жітімнің төмендеуіне және адамдардың өмір сүру жасының артуына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, еліміздің денсаулық сақтау саласында сапалы медициналық көмекке барлық емделушілердің қолжетімділігі артады.
МӘМС жүйесіне қарасты медициналық мекемелерде дәрігердің тағайындауы бойынша дәрілік заттар тегін немесе жеңілдікпен беріледі. Тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектің атауларын және аурулардың тізбесін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекітеді. Бұл тізбелер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жан-жақты насихатталады. МӘМС жүйесінде жоғарыда айтылған тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер тізбесін кеңейту кезең-кезеңмен, яғни қордың кіріс бөлігінің ұлғаюына байланысты жүзеге асыру жоспарланған. Мәселен, созылмалы аурулар бойынша дәрі-дәрмек құнының 100 пайызын, негізгі және жұқпалы аурулар бойынша дәрі-дәрмек құнының 70 пайызын, жалпы сипаттағы аурулар бойынша дәрі-дәрмек құнының 30 пайызын МӘМС қоры төлейтін болады. Біздің елімізде МӘМС жүйесі бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру полисі берілмейді. Емделушінің мәртебесі ЖСН арқылы электрондық деректер базасымен расталатын болады.
Әзірлеген
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»