Қазіргі уақытта Қазақстанда медиация институтының жұмысы белсенді түрде жүргізілуде. Оның маңыздылығы туралы дерек ретінде, Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен ҚР «Медиация туралы» Заң қабылданған болатын. Заңның жүзеге асуына Елбасының бірнеше рет назар аударғандығын атап өтуге болады. Оған Қазақстан Судьялары одағының V съезінде сөйлеген сөзі дәлел: «Сот тәртібінде қаралуы тиіс даулар санын, оларды шешудің баламалы санын, соның ішінде татуластыру әрекеті мен медиацияны енгізу маңызды».
Ал судьялардың VII съезінде дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін енгізу жөніндегі медиацияны қолдануды одан әрі кеңейтудің кезекті қадамы ретінде жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны бәрімізге белгілі. Пилоттық жоба азаматтық сот ісін жүргізуде даулардың жекелеген санаттарын медиация тәртібінде сотқа дейінгі реттеу, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, дауларды сотқа дейін реттеуде тараптардың мүдделілігін арттыру және тұрақтылықты сақтауға, түрлі туындайтын дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін бітімгершілік келісімдер мен медиация институтын дамыту, насихаттауды және жобаны тиімді жүзеге асыруды мақсат етеді.
ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Мәми «Соттарға түскен істердің санын азайту үшін нақты шаралар қабылдау керек және сотқа дейін шағым жасау тетіктерін енгізу шараларын қамти отырып, еліміздің өркендеуі мен адамдардың құқықтық мәдениетін көтеруге үлес қосуды, медиация институтын «Әділ бітімгер» деп атауды, медиацияны жанжалды шешудің қосалқы тәсілі мен амалы ретінде дамыта отырып, Заңды құқықтық процесті ізгілендіру нәтижесі ретінде, ортақ түйісу, татуластыру, мәмілеге келтіру сынды ізгілік ниетке қолдану маңызды мәселе екенін айтты. Мұндай заңды бастаманы жүзеге асыру барысында соттар көптеген ұсақ және бірыңғай істер азаяр еді, сол кезде біртұтас соттық іс-тәжірибенің өзекті сұрақтарына назар аудара алар еді», – деді.
Яғни, қолданыстағы ҚР «Медиация туралы» Заңы атауы ерекше болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Əйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға аса назар аударған. Бұл «алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дəстүрлі билік жүргізу тəсілінің заңды жалғасы деуге болады.
Дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету – медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады. Медиация еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттар негізінде жүргізіледі.
Тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі – медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады. Тараптар кез келген сатыда медиациядан бас тартуға құқылы. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға, даудан бас тартуға ерікті. Тараптар мен үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтын, заңда көзделген де, заңда көзделмеген де өзара қолайлы келісім нұсқаларын талқылау үшін мәселелерді таңдауда тараптар еркін болады.
Медиация – қоғамды бірлестірудің басты күші ретінде келісімге келу, даулар мен келіспеушіліктерді өзара тиімді шешімге келтіру, азаматтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша соттан тыс реттеу, шешу, соттардан тыс тәртіппен жүргізу институттар жүйесін және оның оң тәсілдері мен тетіктерін одан жоғары дамытуды қолға алған дұрыс. Медиацияның негізгі мақсаты келіспеушіліктегі оң жақ пен кінәліні анықтау емес, медиацияның негізгі мақсаты тараптарды консенсусқа келтіру болып табылады. Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни, медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы əдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Жоғарыда атап өткендей, аталмыш заң жеке жəне заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық жəне өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ, онша ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Ал, келесі жағдайда, ол әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жəне мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды.
Соттық реформа соттық істер бойынша ұсақ-түйекті сөзсіз түбірімен жоюды қарастырады. Бірақ, біз қарапайым емес жолдың басында тұрмыз. Медиацияның жүзеге асуына көп күш жұмсалып та жатыр. Қазіргі уақытта ғалымдар мен практиктердің арасында, біздің қоғам сот өндірісінде медиацияны кеңінен қолдану мен оны жүзеге асыру барысында қандай іс әрекеттер жасалуы қажет? Әрине, медиация дауласушылардың жалпы және құқықтық мәдениетінің деңгейі өте жоғары болған жерде кеңінен таралады. Бірақ, ол жоғары құқықтық мәдениеттің туындауы ғана емес, сонымен бірге, оны қалыптастырудың тәсілі болып табылады. Сонымен қатар, медиация көбінесе соттан тыс әрекеттер шеңберінде кеңінен пайдаланылатын болғандықтан, ол азаматтық қоғам құруға ықпал етеді. Отандық заңның түсіндіруінше, медиацияны дамытуда, әрине, мемлекеттің қолдауымен негізгі рөлді азаматтық қоғам құрылымы мен белсенділік пен қолдауды қамтамасыз ететін бұқаралық ақпарат құралдары атқаруы тиіс.
Соңғы жылдар ағымында медиацияны жүзеге асырудың оң нәтижелері де көрініс беріп жатыр. Соның бірі болып, Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық сотында медиация арқылы қаралған істер туралы мәліметке тоқтала кеткенді жөн көрдім. Яғни, медиация бойынша 2016 жылы жалпы алғанда – 2 азаматтық іс қаралды. 2017 жылы – 2 азаматтық, 2 қылмыстық іс қаралды.
«Дау мұраты – бітім» деп Сырым бабамыз айтқандай, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. Қорыта келгенде, Елбасы Жарлығымен 2011 жылы қабылданған Заң толыққанды, кідіріссіз жүзеге асуы үшін бақылауда болуы қажет. «Медиация туралы» заңның қажеттілігі мен оның дамуы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
Самат РЫСЖАНОВ,
Ақтоғай аудандық
сотының судьясы