Ағымдағы жылдың тамыз айында Медеу мұз айдынында «Азия жұлдызы» фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Бүгін мен жоспарда тұрған 2 жаңа бастама жайында айттым. Бұрын алматылықтар, жалпы қазақстандықтар «Азия дауысы» жобасы туралы көп айтатын. Сондықтан біз Медеу, Шымбұлақты көрсету, жалпы Алматының туристік әлеуетін көтеру үшін «Азия жұлдызы» деген жобаны бастамақпыз. Қыркүйек айында, өздеріңіз білетіндей, әрбір үшінші демалыс күні "Алматы қаласы күні" тойланады. Сол күні Медеу мұз айдынында осындай фестивальді өткізу арқылы өзіміздің мәдениетімізді Азияға паш ететін боламыз», - деді қала басшысы.
Мұнан бөлек, оның айтуынша, «Қазақфильм» киностудиясы аумағында бос жатқан жерде этноленд жобасы қолға алынады. Ол жерде қала тұрғындары, аймақтардан келген азаматтар, шетелдік қонақтар Алматының мың жылдық тарихымен таныса болады.
«Белгілі ғалымымыз Карл Байпақов Алматы қаласында түрлі қорғандардың өте көп екендігін айтқан болатын. Олардың көбі жеке кәсіпкерлердің, банктердің иелігінде. Біз сол жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, ашық аспан астындағы музейлер жасайтын боламыз»,- деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар қала басшысы Алматыда орналасқан қаржы институттарының қаржысы есебінен қазіргі уақытта 1 млрд. теңгеден астам сомаға 20 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мәселен, жаңадан құрылған Наурызбай ауданында 500 адамға арналған емхана мен 1200 оқушыға арналған мектепті кәсіпкерлер өз қаржыларына салып, қалаға сыйға тартатын болады.
«Мәдениет саласында да қаламыздың жетістіктері жеткілікті. Өткен жылдың өзінде мультимедиялық музыка орталығын, мыңжылдық музейін аштық. Мультимедиялық құралдармен қаланың, мемлекеттің тарихын көрсетудеміз. Мұнан бөлек, Шеберлер ауылы, Дәстүрлі музыка театры да ашылған еді», - деді ол.