Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда әйгілі «Медеу» биік таулы спорт кешенін ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба нысанның тарихи келбетін сақтай отырып, оны жаңа технологиялармен және экологиялық шешімдермен жабдықтауды мақсат етеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бірінші кезеңде кешеннің жаңа тоңазыту жүйесі орнатылады, инженерлік желілер жаңартылады және мұз жамылғысын бақылауға арналған AI-мониторинг жүйесі енгізіледі. Бұл шаралар энергия тұтынуды 25 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көрермендерге арналған орындықтарға жылыту жүйесі орнатылады, қонақ үй «4 жұлдыз» стандартына сай жаңартылып, спортшыларға арналған оңалту орталығы ашылады.
Келесі кезеңде жылыту жүйесі бар ашық бассейн, экологиялық серуен бағыты бар эко-парк, панорамалық көпірлер мен террассалар, кофейнялар аймағы және интерактивті музей салу жоспарланып отыр.
Жаңғырту жұмыстары 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
