08 қыр, 2021 сағат 12:33

Мәжілісте Түркістан облысындағы балабақшалардың мәселесі көтерілді


Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев Түркістан облысындағы балабақшалардың мәселесін көтерді. Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің депутаттық сауалымыз «NurOtan» партиясының мектепке дейінгі білім мекемелерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін іске асыруға бағытталған. Бұл мәселені Парламент депутаттары бірнеше рет көтерген болатын, «NurOtan» партиясының мүшелері жақында сайлаушылармен өткен кездесу барысында бұл мәселе қайтадан көтерілді. Бүгінгі таңда, Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшалары аянышты жағдайда тұр. 

Өзіңізге белгілі, Түркістан облысында бүгінгі таңда жекеменшік балабақшалардағы жан басына қаржыландыру мәселесі республика бойынша ең төменгі мөлшерде, яғни 25 582 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі 2017 жылғы 27 қарашадағы бұйрығымен бекітілген жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес ауылдық жерде - 41 053 теңгені, қалалық жерде - 37 527 теңгені құрауы тиіс», - деді Қаратаев. 

Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 1024 жекеменшік балабақша жұмыс істейді, яғни облыс бойынша 72 пайызды қамтиды, осы балабақшаларда – 115 мыңнан астам (74%) бала тәрбиеленуде. 50 мың бала аз қамтылған, 25 100 бала көп балалы отбасынан келеді. Жекеменшік балабақшаларда 36 840 адам тұрғылықты жұмыспен қамтылған, оның 19 мыңнан асатамы педагог қызметкерлері мен тәрбиешілері. Балабақша қызметкерлерінің айлық жалақысы 42 500 - 70 000 теңге аралығында. Қызметкерлердің 50% - дан астамы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, 10 000- нан астам адам ең төменгі айлық жалақыға жұмыс істеуде. 

«Осыған орай, Түркістан облысы бойынша, жергілікті бюджеттен қаржы тапшылығына байланысты, соңғы 3 жылдағы инфляцияны, педагог кадрлардың айлық жалақысының өсуіне қарамастан, жан басына қаржыландырудың мөлшеріне қосымша қаржы қарастырылмаған. Осының салдарынан бүгінгі таңда облыс бойынша 23,5 млрд теңге қаржы тапшылығы туындап отыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл қаржыны жергілікті бюджеттен төлеу мүлде мүмкіндігі жоқ екендігін жеткізуде. Бұл мәселені жекеменшік балабақшалары басшылары 3 жылдан бері көтеріп, барлық атқарушы мемлекеттік органдарға хат жолдаған болатын, алайда осы күнге дейін мәселенің шешімі табылмады. Жан басына қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысы бойынша 23,5 млрд тенге тапсырыс берілген. Бірақ республикалық бюджеттік комиссияның 2021 жылғы 20 сәуірдегі №9 шешімімен бұл шығыстар қолдау таппады. Егер бұл мәселе биыл да шешімін таппаса, кәсіпкерлер қыркүйек айында жаппай жұмыстарын амалсыз тоқтататынын білдіруде. Ол кезде тағы да 100 мың бала балабақшасыз, 20 мың адам жұмыссыз қалу ықтималы бар», - деді депутат. 

«Осыған байланысты, қандай шешімдер қабылданады және тиісті қаржыландыру қалай жүзеге асырылатынын түсіндіруді сұраймыз», - деді Фахриддин Қаратаев.