17 сәу, 2024 сағат 15:47

Мәжілісте масс-медиа туралы жаңа заң екінші оқылымда мақұлданды


Бүгін Мәжіліс отырысында масс-медиа туралы жаңа заң екінші оқылымда мақұлданды. 85 депутаттың екеуі ғана заңға қарсы дауыс берді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Заң жобасы бойынша сөз сөйлеген депутат Жанарбек Әшімжан:

"Негізгі заң жобасында журналистердің мәртебесін арттыру, журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, журналистердің артықшылықтарын кеңейту үшін нақты ұсыныстар көзделген", -деп отыр.


Заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, баспасөз картасы туралы норма жойылды.

Заң жобасын бойынша депутаттар енгізген бірқатар түзетулер:

- «Баспасөз картасы»; «Бұқаралық ақпарат»; «Діни теле бағдарлама»; «Журналистердің құқықтары мен бостандық-тарының сақталуы туралы Ұлттық баяндама»; «Теле-, радио арнаны есепке қою туралы куәлік» ұғымдарын алып тастау; 

- «Журналистің ерекше мәртебесі» және «Аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» ұғымдарын енгізу; «Журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» және «Масс-медиа мониторингі» ұғымдарын нақтылау;

- Желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктерді БАҚ түрлерінің бірі болып табылатын «интернет-басылым» бірыңғай ұғымына біріктіру. Бұл ретте, интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылады;

- Масс-медиа қызметінің негізгі міндеттерін нақтылау; 

- Үкіметтің мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретін толықтыру;

- Қосымша құзыреттер беру:

Уәкілетті органға – масс медиа мониторингін жүзеге асыру жөніндегі; 

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органдарының: 

Үлгілік қағидаларға сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұрғын үй кешендерінде жеке спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын, кабельдік коммуникацияларды орналастыру жөніндегі талаптарды белгілеу жөніндегі;

облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының қоғамдық көлікте мемлекеттік теле-радио өнімдерінің трансляциясын қамтамасыз етуі және бақылауы жөніндегі; 

- Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеу;

- Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55 пайызға, 2027 жылдан бастап теле-радио бағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту;

- Құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша ескіру мерзімін үш жылдан бір жылға дейін қысқарту; 

- БАҚ қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциясы ретінде журналистердің Әдеп кодексін әзірлеуді айқындау; 

- Балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай қолдау (грант тағайындау);

- Отандық теле-радио арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-радио арналардың теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялауды 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарту; 

- «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін онлайн платформаларда ақпаратты орналастыру, тарату жөніндегі қатынастарды реттеу ерекшеліктері туралы норманы енгізу қарастырылған.

Заң жобалары бойынша Комитет «Қазақстан Республикасының «масс-медиа туралы» Заңы жобасының призмасы арқылы медиасфераның даму тенденциялары» тақырыбында дөңгелек үстел (2023 жылғы 19 маусым), «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде баспа басылымдарын мемлекеттік қолдау» тақырыбында кеңейтілген Тақырыптық отырыс өткізді, (2024 жылғы 28 наурыз), сондай-ақ жұмыс топтарының қызу пікірталасқа толы 34 отырысы және Комитеттің 2 кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды.

"Бұдан бөлек, халықаралық ұйымның өкілдерімен, елшілермен, журналистермен, депутаттармен арнайы осы заң жобаларын талқыладық. 
Парламентте Комитет төрағасының және жұмыс тобының мүшелерінің қатысуымен ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі ресми өкілі Тереза Риберо ханым бастаған делегациямен де заң жобаларына қатысты келелі талқылау болды. Халықаралық қоғамдастық өкілдері аталған заң жобасына өздерінің қолдауларымен қоса нақты ұсыныстарын айтты. 
Парламенттің қоғамдық палатасының Алматы қаласындағы көшпелі отырысында барлық тараптармен ашық талқыланды", -деді депутат Әшімжан.


Салыстырмалы кесте негізгі заң жобасы бойынша – 200, ілеспе заң жобасы бойынша 43 қабылданған позициядан тұрады.

Ілеспе заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық, кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.