Фото:gov.kz
Бүгін Мәжілісте Қазақстан мен Қытай арасында мәдени орталықтар ашу туралы заң жобасы қаралды деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
"Бұл келісім достық қарым-қатынастарды дамытуға, мәдени-гуманитарлық саладағы алмасу мен ынтымақтастыққа бағытталған", -деп отыр депутат Жанарбек Әшімжан.
Келісімге сәйкес екі мемлекеттің мәдени орталықтары жіберуші тарап аккредиттеген және консулдық орналасқан мемлекетінің заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар.
Заң жобасы мәдени орталықтарға еркін баруды және мәдени орталық ғимаратының ішінде және сыртында өткізілетін іс-шараларға қатысуды қамтамасыз етеді.
Аталған орталықтарда кино көрсетілімдері мен концерттік қойылымдарға арналған көпфункционалды залдар болмақ, білім беру курстары, тренингтер, шығармашылық кездесулер өткізетін арнайы кеңістігі бар коворкинг орталығы болады және көрмелер өткізуге қолайлы экспозициялық мультимедиялық алаңша мен еліміздің туристік әлеуетін көрсететін арнайы туризм бұрышы орналасатын болады.
"Қазақстанның Қытайдағы мәдени орталығы тарихымызда алғаш рет ұлтымызды аспан асты еліне кеңінен танытудың, екі ел арасындағы рухани байланысты жаңа деңгейге көтерудің, өзара халықаралық мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асырудың ірі әрі толыққанды ошағына айналдыру көзделіп отыр", -дейді ҚР Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева.