Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутат Бақтияр Мәкен ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаевқа жол полицейлердiң «ала таяғына» қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«ҚР IIМ министрiнiң бұйрығына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның жол-патрульдiк қызметi «ала таяқты» пайдаланбайтын болды. Бүгiнгi таңда полицейлер қолымен және ысқырығының көмегiмен көлiктi тоқтатады. Ал патрульдеу кезiнде жарық, дыбыс құрылғыларын пайдаланады. Жол қозғалысы туралы заңда «ала таяқ» қарастырылған. Iшкi iстер министрлiгi бұйрықты шығарар алдында Еуропа елдерiндегi жол қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету тәжiрибесiн зерттеген. Яғни, «ала таяқ» пайдаланбайтын халықаралық тәжiрибеге сүйенген. Дегенмен Еуропадағы жол қозғалысы мен бiздегi жол қозғалысын салыстыруға келмейдi. Айырмашылығы - жер мен көктей. Бiздiң бұрылыстарда таяғы жоқ полицей мүлдем көрiнбейдi. Адамдар сол таяққа үйренiп қалған, себебi полицейдiң жилетi, әсiресе, қараңғыда дұрыс көзге iлiкпейдi. «Ала таяқтың» жарығы болғандықтан таяқша кешкi, түнгi уақыттарда жақсы көрiнедi. Бұл бұрылыстағы қозғалысты полицейдiң реттеп тұрғанын көруге мүмкiндiк беретiн. Бүгiнгi күнi интернетте жол полицейiне қатысты жағымсыз пiкiрлер мен роликтер қаптап тұр. Бiз жол полицейлерiнiң имиджiн көтерудiң орнына оларды осылайша ыңғайсыз жағдайда қалдырып отырмыз. Осыған байланысты жол полицейлерiне «ала таяқты» пайдалануға тыйым салу көлiк кептелiстерi мен апатты жағдайларды реттеуде тиiмсiз деп санаймыз», - дедi Б.Мәкен.
Депутат кешегi мерекелiк шаралар кезiнде бұл жағдайдың көлiк жүргiзушiлердiң ашуын тудырғанын айтты. Осыған орай, мәжiлiсмен полицейлердiң таяқты пайдалану жағдайлары мен тәртiбiн қайта қарауды сұрады. Бұл жол қозғалысы, көлiк және жаяу жүргiншiлер қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет деген депутат бiрнеше мәжiлiсменнiң атынан сауал жолдады.