23 қар, 2016 сағат 12:38

Мәжіліс республикалық бюджет бойынша түзетулерді мақұлдады

- Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына Сенаттың түзетулерін мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

«Ағымдағы жылғы 17 қарашада «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында қаралды. Сенат 27 түзету енгізді. 13 түзету Үкімет резервінің қаражатын қысқарту есебінен 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыс бөлігін жалпы сомасы 26 млрд. теңгеге қайта бөлуді көздеп отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Омархан Өксікбаев.

Оның сөзіне қарағанда, осы қаржы сумен және газбен жабдықтау нысандарын салу, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын күрделі жөндеу, тұрғын үй құрылысына арналған инфрақұрылымды тарту, сондай-ақ басқа да бағыттарға негізделген.

«Сенат енгізген өзгертулер 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі өлшемдерін өзгертпейді», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылады. Осы орайда құжатқа бірқатар түзетулер жасалғандықтан, заң жобалары Мәжіліске қайтарылды.