21 там, 2019 сағат 13:22

Мәжіліс пен мәслихатта жастар көбірек болуы тиіс – Тұңғыш Президент

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс пен мәслихат депутаттары арасында жастар көбірек болуы керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Партия өзінің жас буынына қашан да зор көңіл бөліп келеді. Төрт жыл бұрын 2020 жылға дейінгі «Жастар Отанға» деген бағдарламаны қабылдаған болатынбыз. Биылғы жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Алайда, қолдау шаралары жеткілікті дәрежеде күткен нәтижені берген жоқ. Шешілмеген сұрақтар көбейіп кетті. Жемқорлық, баспана мәселесі, жұмысқа тұру – партия бұл мәселелердің барлығын назарына алуы тиіс. «Бес әлеуметтік бастама» аясында жатақханалардағы орындардың жетіспеушілігі мәселесін шешу көзделген еді. Асқар Ұзақбайұлы (Үкімет басшысы Асқар Мамин) бұл жұмыстың жүргізіліп жатқанын баян етті. Бірақ, жұмысты әлі де күшейту керек. Жатақханалардағы орын жетіспеушілігін шешу қажет«, - деді Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен кейін орнынан көтерілген Премьер-Министр жатақхана құрылысы бойынша жұмыс жоспардан артық орындалып жатқанын айтып өтті.

Одан әрі Елбасы жатақхана құрылысын субсидиялау бағдарламасына тоқталды.

«Бұрынғы Үкімет жатақхана құрылысын субсидиялау бағдарламасын бастаған болатын. Дегенмен, іс жүзінде ол жұмыс жүрмей қалды. Жеке сектор үшін бұл тартымсыз болып қалды. Неліктен? Анықтау керек. Жастарды сондай-ақ, жұмыспен және оқумен қамтып, әлеуметтік лифттерді қалыптастыру қажет. Біз қала мен ауылға арнап, бұл мәселелердің шешімін қабылдағанбыз. «Ауылға барсаңдар, арнайы мамандық береміз» дедік. Жұмыспен қамтитынымызды айттық. Ауылда жұмыс істегісі келгендер үшін микронесиелер бар. Жұмысы жоқтар микронесие ал да, екі сиыр сатып алып, өзіңді асыра! Артық сүтті сатып, ақша тап! Тамағыңа тап та, қалғанын базарға апарып сат. Біліміңмен істе. Біз істеп жатқан шаруа әлемнің ешбір жерінде жоқ», - деді Елбасы.

Тұңғыш Президенттің айтуынша, жастарды тиімді түрде жұмыспен қамту жүйесінде кемшілік бар.

«Бізде нашар жұмыс, жалқаулық бар. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары арасында жастар көбірек болуы тиіс. «Jas Otan» – жастарды біріктіруші орталыққа айналуы қажет», - деді ол.