09 нау, 2022 сағат 12:28

Мәжіліс Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына оң әсер ететін құжатты мақұлдады


Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда медиацияға деген сұраныс неғұрлым артуда. Медиацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағаттандыра отырып, дауды шешуге болатындығы азаматтарды қызықтырады. 2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясына қол қойды. Конвенцияның мақсаты – медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді қатысушы мемлекеттердің аумағында тану және орындау. Осы уақытқа дейін медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және сақталуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай тетігі болған жоқ. Сәйкесінше, дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік туындайды», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин. 

Оның айтуынша, Конвенцияға сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Медиация нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді орындау тәртібі «Медиация туралы» ҚР Заңының және ҚР Азаматтық процестік кодексінің ережелерінде көзделген. 

«Конвенция қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Конвенцияны ратификациялау соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам болып отыр. Ол халықаралық саудаға жәрдемдесудің маңызды құралы болып саналады және коммерциялық тараптардың халықаралық келісімдерін жүзеге асыруға ықпал етеді. Қазақстанның Конвенцияның қатысушы ретіндегі мәртебесі елдің халықаралық бизнес-беделіне және инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді», - деді министр.