05 мау, 2024 сағат 16:19

Мәжіліс депутаты өзін Бэтмен сезініп жүр ме?

Мәжілісмен Руслан Берденов астаналық Абу Даби Плаза шатырына шығып, Бэтменнің бейнесінде видео түсірген. Әлеуметтік желіде таралған видеоны көпшілік сынмен қабылдады. 

"Басқа шаруа жоқ. Зарплата түсіп жатыр, откат келіп жатыр, шатырға шықпағанда шахтаға түседі ғой деп пе едіңдер?!", "Бэтмен болып қарапайым халықты құтқарғысы келген болар. "Намёк" қой бұл", "Қиял", - деп жазды қолданушылар.



Аталмыш видео туралы Руслан Берденовтың жеке аккаунтында да, және партияның парақшасында еш мәлімет жоқ.

Мәжілісменнің бұл әрекетін әріптесі, Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров түсіндіріп көріпті.

«Біріншіден, бұл ешқандай Respublika партиясының іс-шарасы емес. Партияға қатысы жоқ. Бұл нақты депутат Руслан Берденовтің өзінің жеке бос уақытында түсірген видеосы. Ол әлеуметтік жобаға қатысты бір видео түсірген. Шыны керек, ол мен және партия мүшелерімен келіскен жоқ. Депутат та адам. Бос уақытын пайдаланған. Бастысы, заңды бұзбаса болғаны, заң қабылдау жұмысымызға әсер етпеуі тиіс. Бірақ құптаймын, құптамаймын деген баға бере алмаймын», - дейді Айдарбек Қожаназаров.


Ол бұл жағдай партияның беделіне еш әсер етпейді деп отыр. 

Айта кетейік, депутаттың TikTok аккаунтында қара плащты қаһарман Бэтменнің суреті қасқайып тұрғанын көруге болады.