19 қаз, 2016 сағат 11:01

Мәжіліс Байқоңырда қосарланған салықты жою туралы заң жобасын мақұлдады

 

- Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы Хаттаманың ең басты мақсаты жанама салықтармен қосарланған салық салу мәселелерін реттеу болып табылады. Бүгінгі таңда, Байқоңыр қаласының аумағына сатылатын тауардың бағасына  біздің кәсіпкерлер қосылған құн салығын қосады. Ал Байқоңырдағы ресейлік салық төлеушілер ол қосылған құн салығын есепке ала алмайды, яғни сол салықтың сомасына тауардың бағасы көтеріледі. Оған қоса сол тауардың құнына Ресей федерациясының заңдарына сәйкес, 18 пайыз мөлшерінде қосылған құн салығы есептеледі. Дәл осындай жағдай Байқоңырдан Қазақстанның басқа аумақтарына тауар сатқан кезде болады. Осылайша, баға жасанды өседі. Бұл жағдайды шешу үшін біз ресейлік әріптестерімізбен бірігіп осы Хаттаманың жобасын әзірледік. Біз қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық одақта жұмыс жасап тұрған тетікті Хаттамада қолдандық  қазақстанның басқа аумағынан Байқоңыр қаласына тауар сату кезінде қосылған құн салығы «нөлдік» мөлшермен есептелетін болады және қосылған құн салығы Байқоңырда бір рет 18 пайызбен өндіріп алынады. Осындай ұстаным Байқоңыр қаласынан Қазақстанның басқа аумағына тауар сатылғанда қолданылатын болады»,-деді Б. Сұлтанов.

Оның сөзіне қарағанда, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсету кезінде салынатын қосылған құн салығы бойыншада осындай тәсіл қолданылады. Хаттаманың ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленгеннен өзгеше қағидаларды көздейтіндігін ескере отырып, осы  Хаттаманы ратификациялау қажет болады.