14 жел, 2021 сағат 16:11

Мажарстанда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды


Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі Мажарстан поштасымен бірлесіп және Құрметті консулдың қолдауымен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерейтойлық пошта маркасын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мажарстанның пошта маркасында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығының логотипі бейнеленген. Пошта маркалары елшіліктің күнделікті хат-хабарларында, сондай-ақ кәдесый ретінде пайдаланады. 

Алғашқы мерейтойлық маркалар Мажарстан Үкіметі, ғылым және мәдениет өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ жергілікті коллекционерлерге, яғни филателистерге табыс етіледі.

Қазақстан Елшілігі бастамашы болған марканың шығарылымын іске асыру кезінде филателия қағидаттары мен Мажарстан поштасының стандарттары ескерілді.