Фото: Pixabay.com
Денсаулық сақтау саласы мамандары бұрын Африка елдерінде ғана кездесетін маймыл шешегі вирусы қазіргі күні әлемде кең тарап келеді деп дабыл қағып отыр. Ол қандай індет? Маймыл шешегінен қалай сақтануға болады?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, биыл маймыл шешегі (mpox) әлемнің 116 елінен анықталды. Эпидемиялық аймақтар: Африка, Америка және Еуропа.
Айта кетейік, 14 тамызда әлемде маймыл шешек ауруының таралуына байланысты денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай жарияланған болатын.
«Жаңа маймыл шешегі кладының пайда болуы, оның Конго Республикасының шығысында тез таралуы және бірнеше көрші елдерде болған жағдайлар үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Індеттің таралуын тоқтату және өмірді сақтау үшін халықаралық деңгейде жаппай жұмыла әрекет ету қажет екені анық», - деді Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.
Қазақстандағы ахуал қандай?
16 тамызда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға үндеу жасап, маймыл шешегінің белгілері мен алдын алу шаралары туралы айтқан.
Комитеттің хабарлауынша, ағымдағы жылдың соңғы алты айында ай сайын тіркеліп отырған жағдайлардың саны 2022 жылғы тамызда тіркелген 30721 жағдайдың әлемдік ең жоғарғы шегімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді.
21 тамызда Астана мен Алматы халықаралық әуежайында маймыл шешегі жағдайына оқу-жаттығу шаралары өткізілді.
Еліміздегі әуежайлар мен шекарада бақылау күшейтіліп, инфекция анықталған мемлекеттерден келген жолаушылар қатаң тексеруден өтіп жатыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда маймыл шешегін жұқтырды деген күдік бойынша бір ақпарат шықты. Ол Вьетнамнан Қазақстанға ұшып келген 59 жастағы жолаушы тамыз айының басында Конго еліне жұмыс сапарымен барған. Кейін Вьетнамда 5 күн аялдаған.
Бұл қандай індет?
Маймыл шешек вирусы - mpox тудыратын ортопоксвирус, шешекке ұқсас белгілері бар ауру, бірақ ондай ауыр емес. Шешек 1980 жылы жойылғанымен, маймыл шешегі Орталық және Батыс Африка елдерінде әлі де кездесіп жатыр. Алғаш рет маймыл шешегі 1958 жылы зертханалық маймылдар колониясында, ал адамдарда 1970 жылы анықталды. 2022 жылдың мамырына дейін маймыл шешегі Африка елдерінде ғана тіркелген, кейін басқа елдерден де табыла бастады.
Маймыл шешегі қалай жұғады?
Маймыл шешек - зооноз, жануарлардан адамға берілетін ауру. Мұндай дерт вирусты тасымалдайтын жануарлар бар тропикалық ормандардың жанында жиі кездеседі. Маймыл шешек вирусы тиіндерде, гамбиялық марсупиалды егеуқұйрықтарда, маймылдардың әртүрлі түрлерінде және басқа да жан-жануарларда кездеседі.
Бұл індет адамнан адамға да берілуі мүмкін. Ол дене сұйықтықтарымен жанасу, терідегі немесе ішкі шырышты беттердегі зақымданулар, мысалы, ауыз немесе тамақ, ауа тамшылары және ластанған заттар арқылы берілуі мүмкін.
Адамға жұққан жағдайда оның инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін созылуы мүмкін. Аурудың қызба кезеңі әдетте 1-ден 3 — күнге дейін созылады. Белгілері: қызба, бөртпе, тамақтың ауруы, бас ауруы, бұлшық еттің және арқаның ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі.
Полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен вирустық ДНҚ-ны анықтау зертханалық сынақтың тиімді жолы. Ең жақсы диагностикалық үлгілер бөртпеден — теріден, сұйықтықтан немесе қыртыстан немесе мүмкіндігінше биопсиядан алынады. Антигендер мен антиденелерді анықтау әдістері пайдасыз болуы мүмкін, өйткені олар ортопоксвирустарды ажыратпайды.
Вирусты жұқтырмау үшін не істеу керек?
Маймыл шешегін жұқтырмау үшін ауырған адамдарға және инфекция жұқтырған жануарларға (вирустық тасымалдаушы болуы мүмкін: маймыл, егеуқұйрық, тиін және басқа да жабайы жануарлар) жақындамаған жөн. Сондай-ақ, қорғаныш құралдарын пайдалану қажет. Жануарлармен жұмыс істеу кезінде, әсіресе зертханалық жағдайда немесе оларға күтім жасау кезінде қорғаныш киімдерін, қолғаптар мен маскаларды қолдану маңызды.
Гигиенаны сақтау маймыл шешегінен қорғанудың ең негізгі амалы. Қолды сабынмен мұқият жуу және дизенфекциялық құралдарды қолдану инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, бөртпе, дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы және шаршау сияқты белгілер пайда болған кезде медициналық көмекке, дәрігерге жүгіну маңызды.