ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Президенттік жастар кадр резервіне іріктелгендердің болашағы қалай болатыны туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы алғанда бәрі бір сәтте тағайындалмайтынын ескеру керек. Жақын болашақта Президенттік жастар кадр резервіне қатысушылар мемлекеттік органдар мен Ұлттық компанияларда әртүрлі позицияда жұмыс істейтін болады. Қатысушылардың кейбірі карьерасын жеке секторда жалғастырғысы келуі мүмкін. Бұл - олардың құқығы, ол жаққа да жақсы дайындықтан өткен мамандар қажет», - дейді Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол жұмысқа орналасу мезанизмі қалай жүзеге асатынын айтып өтті.
«Біріншіден, жарияланған тізім мен соған сәйкес құжаттар әкімдерге, министрлерге, мемлекеттік орган басшыларына жіберіледі. Әр мемлекеттік орган мен министрліктерге жақсы мамандар тапшы екені сөзсіз. Олар тізімді қарап, жас мамандарды өздеріне жұмысқа шақырады. Екіншіден, Президент Әкімшілігі өз құзіреті шегінде қажетті мекемелерге қажетті мамандарды ұсынатын болады. Үшіншіден, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар кадр резерві бойынша өз бетінше шешім қабылдап, жауапты мемлекеттік позицияға тағайындауы мүмкін. Осы бағыттар бойынша жұмыстар келесі жылдан бастап бірнеше жыл қатарынан жүзеге асады және Президент Әкімшілігі тарапынан бақылауда болады», - дейді ол.
Айта кету керек, іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы - 31-де. Бұл ретте резервшілердің экономиканың түрлі салаларында айтарлықтай тәжірибесі бар. Олардың көбі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істейді және жұмыс істеген.