13 нау, 2021 сағат 19:10

Мәулен Әшімбаев: Мұндай қайғылы оқиғалар елімізде енді қайталанбасын

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматы әуежайында болған ұшақ апаты бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Төтенше жағдай салдарынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің туыстарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Мұндай қайғылы оқиғалар елімізде қайталанбасын деп тілейік», - деп жазды ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасына. 

Еске сала кетсек, бүгін Алматы әуежайы маңында әскери ұшақ апатқа ұшырап, 4 адам қаза тапты.

«Бүгін 17:20-да Нұр-Сұлтан-Алматы» бағытында ұшып шыққан ҰҚК әуе қызметінің АН-26 ұшағы апатқа ұшырады. Бірден дабыл қағылды. Оқиға орнына апаттық құтқару жасағы шұғыл аттанды. Алдын ала таралған ақпаратқа сәйкес, борт ұшу қону жолағының бас жағында құлаған», - деді әуежайдың баспасөз қызметі.