Фото: ашық дереккөз
Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеу нәтижесінде университеттің ректор міндетін атқарушысы, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары күдікті ретінде танылды.
Олар университет атынан жалпы сомасы 256 млн теңге құрайтын жалған келісімшарттар жасасқан. Бұл келісімшарттар қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуді қамтығанымен, іс жүзінде ешқандай жұмыс орындалмаған. Жалған актілер негізінде бюджет қаржысы байланысы бар компаниялардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Күдіктілер қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында 6 қымбат көлік (Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 және т.б.) пен Шымкент қаласының орталығынан құны 254 млн теңге болатын элиталық коттедж сатып алған. Оларға сот санкциясымен тыйым салынды.
Төрт күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданып, қылмыстық іс сотқа жолданды.