03 там, 2016 сағат 13:38

Матаевтардың соты Астанада өтеді

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша сот отырысы Астанада өтеді. Бүгін Астанадағы № 2 Есіл аудандық соты осындай шешім шығарды. «Қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы Астана қаласындағы № 2 Есіл аудандық сотының нөмірі 2015-ші сот залында 2016 жылдың 23 тамызында сағат 10.00-де өтеді. Айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақ күйінде қалдырылсын»,- деп хабарлады төрағалық етуші судья Ақболат Құрмантаев.

Матаевтардың қорғаушылары сотқа жеті өтініш білдірді. Соның ішінде айыпталушыларды үйқамақтан кепілге босатуды сұрады. Олардың айтуынша, қылмысқа тарту өзгеруі қажет. «Біз бұл өтінішті былайша түсіндіргіміз келеді. Сейітқазы Матаев бүгінге дейін мемлекет қазынасына 47 млн. теңге ақша төледі. Оған қоса, оның туған-туыстары қосымша кепіл есебінде құны 6 млн. теңгеден асатын «Toyota Land Cruizer» автокөлігін беруге дайын. С. Матаевтың ұлы Әсет Матаев 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде кепіл беруге дайын»,- деп мәлімдеді сотта қорғаушылар. Алайда бір сағатқа жуық кеңесу бөлмесіне кеткен сот бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.

Әмірлан Әлімжан