03 там, 2016 сағат 13:16

Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтті

Бүгін Астанадағы Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтарға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтті. Сот отырысында Матаевтардың қорғаушылары 7 өтініш білдірді. Олар сот залына компьютер әкелуді, кардиолог-дәрігердің отырысқа қатысуын, әкелі-балалы Матаевтарды үйқамақтан кепілге босатуды, қылмыстық іс материалдары бойынша экономикалық сараптама жүргізуді, өздері қорғайтын адамдарды қолайлы пәтерге ауыстыруды, соттың қылмыстық істі қарау мерзімін ұзартуды және басты сот отырыстарын Алматы қаласында өткізуді өтінді. Біраз уақыт кеңесу бөлмесіне кеткен сотқа төрағалық етуші судья Ақболат Құрмантаев жоғарыдағы өтініштердің тек үшеуін ғана қанағаттандырды.

Сайып келгенде, судья жоғарыдағы өтініштердің үшеуін ғана қанағаттандырды. Ол сотқа дәрігердің қатысуына рұқсат етті. Себебі соттағы тыңдауда қорғаушылар Сейітқазы Матаевтың денсаулығының мәз емес екенін айтып, шағымданған болатын. Сонымен қатар, сот шешімімен қорғаушылар сот залына компьютерлерін әкелуге мүмкіндік алды. Үшіншіден, төрағалық етуші судья қылмыстық іс бойынша материалдарды қарау мерзімін ұзартты. Себебі қорғаушылар материалдармен толық танысу үшін істі қарау мерзімін ұзартуды сұраған болатын. Ақболат Құрмантаев аталған қылмыстық іс бойынша ең басты сот отырысын ағымдағы жылдың 23 тамызына ауыстырды.

Жеті өтініштің төртеуі қанағаттандырылмады. Айыпталушыларды кепілге босату туралы өтінішке судья А. Құрмантаев мынадай түсінік берді: «Айыпталушыларды үйқамақтан кепілге босатуды туралы. Біз бұл өтінішті қанағаттандырған жоқпыз. Себебі айыпталушылар кепілге босатылған жағдайда олардың тарапынан куәгерлерге қысым жасалуы мүмкін». Айта кетелік, Қазақстан журналистер одағының бұрынғы басшысы Сейітқазы Матаев пен «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаев алаяқтық және салық төлеуден жалтару баптары бойынша айыпталуда.

Әмірлан Әлімжан