27 қыр, 2016 сағат 13:51

Матаевтар ісі. Прокурор Сейітқазы Матаевты 6 жыл 8 айға, Әсет Матаевты 6 жылға соттауды сұрады

Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгін өткен тараптардың пікір сайысында прокурор Ержан Құрақбаев Сейітқазы Матаевты жеке мүлкін кәмпескелеумен және өмір бойы кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салумен қоса 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, Әсет Матаевты кінәлі деп тауып, жеке мүлкін кәмпескелеумен қоса 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурор сот тергеуі нәтижесінде тағылған айыптар бойынша Сейітқазы және Әсет Матаевтардың кінәсі толық көлемде анықталғанын және сотқа ұсынылған айыптаулардың негізінде дәлелденгенін айтты. «Осыған орай, Матаев Сейітқазының қылмыстық әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 190-шы бабының 4-ші тармағының 2-ші тармақшасы бойынша, яғни алаяқтық – алдын-ала бір топ адамдармен сөз байласып, алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін ұрлады, өзінің қызмет бабын пайдаланып, бірнеше рет мемлекеттік сатып алу саласынан ірі көлемдегі ақша ұрлады және Қылмыстық кодекстің 245-інші бабының 3-інші тармағы бойынша, яғни аса ірі көлемдегі декларация тапсыру міндетті болған жағдайда декларация тапсырмау жолымен бюджетке салық төлеуден жалтарды деп түпкілікті белгілеу керек»,- деді сотта Ержан Құрақбаев.

Мемлекеттік айыптаушы Сейітқазы Матаевқа қатысты айыптаушы тараптың ешқандай жазасын жеңілдететін жағдайдың (мұндай жағдай Қылмыстық кодекстің 53-інші бабы бойынша қарастырылған) жоқтығын айтты. «Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қылмыстық кодекстің 58-інші бабының 3-інші тармағы бойынша Матаев Сейітқазы Бейсенғазыұлына жеке мүлкін кәмпескелеумен және өмір бойы кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салумен қоса 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жазасын жалпы тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясында өтесін»,- деп сөзін жалғады прокурор.

Айта кетерлігі, мемлекеттік айыптаушы Сейітқазы Матаевтың ұлы – Әсет Матаевты да Қылмыстық кодекстің 190-шы бабының 4-ші тармағының 2-ші тармақшасы бойынша (алаяқтық – алдын-ала бір топ адамдармен сөз байласып, алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау, өзінің қызмет бабын пайдаланып, бірнеше рет мемлекеттік сатып алу саласынан ірі көлемдегі ақша ұрлау) кінәлі деп тауып, мүлкін кәмпескелеумен және өмір бойы кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салумен қоса 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Оған да жазасын жалпы тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясында өтеу сұралды.

Ержан Құрақбаев өз сөзінде соттан Сейітқазы және Әсет Матаевтардан бюджетке төленбеген салық түріндегі 216 952 683 теңгені өндіріп алу жөніндегі прокурордың шағымын, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ның 143 960 753 теңгесін және Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің 169 000 000 теңгесін өндіріп беру туралы шағымдық талаптарын толық көлемде қанағаттандыруды ұсынды.  Айта кетелік, Сейітқазы және Әсет Матаевтарға аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрлады, салық төлеуден жалтарды деген айыптар тағылды. Сотқа дейінгі тергеу нұсқасы бойынша, барлық қылмыстық әрекеттерді қоса есептегенде мемлекетке 529 млн. теңгеден астам зиян келген.

 

Әмірлан Әлімжан.