15 қыр, 2016 сағат 14:02

Матаевтар ісі. Куәгерлер Ұлттық баспасөз клубының астыртын әрекеттері туралы айтты

Астана қаласының №2 Есіл аудандық сотында «Матаевтар ісі» бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сот қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алуда. Бүгінгі отырыста «Қазақтелеком» АҚ-на қатысты эпизод бойынша еліміздегі баспа БАҚ-тардың өкілдері сотқа түсінік берді.

«Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметі туралы жарнамалық материалдарды «Эксперт-Қазақстан» журналына шығаруға ешқандай қатысы болған жоқ. Біз барлық жұмыстарды «Қазақтелеком» АҚ-мен өзіміз жүргіздік»,- деп хабарлады бүгінгі сот отырысында куәгерлердің бірі, «Эксперт-Қазақстан» ЖШС-нің жарнама бөлімінің менеджері Светлана Семенова. «Мен менеджер ретінде тікелей «Қазақтелеком» АҚ-мен жұмыс жүргіздім. Ал Ұлттық баспасөз клубының бұл жұмысқа ешқандай қатысы болған жоқ. Тек айтарым, мен дайын материалдарды, есеп-қисаптарды, атқарылған жұмыстардың актілерін Ұлттық баспасөз клубына жіберіп отырдым»,- деп әңгімеледі С. Семенова.

Осы куәгердің айтуына қарағанда, «Қазақтелекомның» қызметі туралы материалдар «Эксперт-Қазақстан» журналына жарияланғаннан кейін құжаттар тізімін ол есепшілер бөліміне тапсырған. Ол құжаттардың ішінде журналдың шығатын күні, айы, жылы туралы дерек, жарнама берушілер, жарнаманың көлемі және бағасы жөніндегі мәліметтер болған. Есеп құжаттарында көрсетілгендей, негізгі жеткізуші – «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі туралы мәліметтерді «Қазақтелеком» АҚ-ның бұқарамен байланыс басқармасының қызметкерлерінен алған. Сайып келгенде, куәгер Светлана Семенова «Ұлттық баспасөз клубының» тендер өткізілмей тұрып, қызметтерді жеткізуші болып алдын-ала белгіленіп қойғанын айтты.

Айта кетелік, бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде түсінік берген «Қазақтелеком» АҚ-ның стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Батыр Маханбетажиев мемлекеттік сатып алу ережелері бойынша қосалқы мердігерлікке беруді ықшамдау қажеттігін алдын ала білсе де, Сейітқазы Матаевтың ұсынысымен келіскенін хабарлады. Сөйтіп ол өз қызметкерлеріне тендерлік құжаттарды белгіленген тәртіпке сәйкес дайындауға С. Матаевқа қол ұшын созуға тапсырма береді.

Екінші куәгер - «Толғау» ЖШС-нің бас директоры Александр Ан «Қазақтелекомның» қызметі туралы жарнамалық материалдар туралы есеп-қисап құжаттары тендер өткізілмей-ақ «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігіне жіберіліп отырғанын ашық айтты. «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметі туралы материалдарды басылымдарға шығарумен «Толғау» ЖШС-нің қызметкерлері айналысты. Менің білетінім, тендер өткізілмей тұрып, яғни «Қазақтелеком» АҚ-ы мен «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ-нің арасында шарт жасалғанға дейін, есеп-қисап құжаттары «Ұлттық баспасөз клубына» жіберілетін»,- деп түсіндірді істің мәнісін А. Ан.

Бұған қоса, тергеу барысында анықталғандай, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Сейітқазы Матаев басылымдарға жарнамалық материалдар шығару бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын көтеріп жібірген. Сөйтіп көтерілген бағаның айырмасынан түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің жеке қажеттіліктеріне жаратқан.

Тергеудің нұсқасы бойынша, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Сейітқазы Матаев 2011-2013 жылдар аралығында қызмет түрлерінің құнын көтеру жолымен «Қазақтелеком» АҚ-на жарнамалық-ақпараттық материалдарды орналастыруға бөлінген 398 млн. теңгенің 143 млн-ын ұрлаған.

Әмірлан Әлімжан