Мәскеудегі Лефортовский соты оппозиционер Алексей Навальныйды "алаяқтық жасады" және "сотқа құрмет көрсетпеді" деген айыппен тоғыз жылға қатаң режимдегі түрмеге қамады және 1,2 млн рубль айыппұл салды.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Навальныйды 13 жылға соттауды және оған 1,2 млн рубль айыппұл салуды сұраған еді.
Ресей Навальныйды "Жемқорлықпен күрес қорына" аударылған ақшаны өз қажетіне жұмсады және осыған дейінгі соттарда судья, прокурорға жала жапты деп айыптаған.
Оппозиционер мен оның жақтастары бұл қылмыстық істі "абсурд" деп атады.
Навальный – Ресей президенті Путинді ашық сынап жүрген саясаткер әрі Ресей оппозициясының лидері. Оның "Жемқорлықпен күрес қоры" Путин мен Путиннің айналасындағы шенділердің коррупцияға қатысы барын дәлелдейтін көптеген зерттеу жариялаған.
Алексей Навальный 2020 жылғы 20 тамызда Томскіден Мәскеу бара жатқан ұшақтың бортында есінен танып, алдымен Омбы ауруханасына, кейін Германиядағы "Шарите" клиникасына жеткізілген. Bellingcat зерттеу тобы бірнеше басылыммен бірлесе жүргізген зерттеуін жариялап, Навальныйды Ресей федералдық қауіпсіздік комитеті қызметінің (ФСБ) арнайы тобы улаған деді.
Саясаткер 2020 жылы қыркүйектің басында комадан шығып, Ресейге оралғанда Ресей полициясы оны әуежайдан ұстап, қамаған. Содан бері Навальный қамауда отыр.