24 шіл, 2020 сағат 15:10

«Маска тағыңыздар»: Акцияны блогерлер мен қоғам қайраткерлері қолдады

Алматыда оперативті штаб қызметкерлері мен еріктілердің бастамасын белгілі блогерлер, қоғам қайраткерлері қолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл бастаманы еріктілер көтерген. Олар жолда өтіп бара жатқан көліктерге «Маска тағыңыз» деген жапсырманы таратып жатыр. 

Бұл бастаманы блогерлер Бейбіт Әлібеков пен Қайрат Құдайберген қолдады. 

«Акция мақсаты – қала тұрғындары мен жастарын маска тағуға үндеу. Бұл әр адамның жауапкершілігі болуы керек. Бұл акцияны тек Алматыда ғана емес, бүкіл республика бойынша челлендж етіп таратсақ деген мақсатымыз бар», - дейді штаб үйлестірушісі Алма Ауғанбаева.

Оның айтуынша, 19 наурызда төтенше жағдай жарияланғалы бері Қазақстандағы барлық еріктілер, ұйымдар біріккен. 

«Менің ойымша, бүгінгі акция өте маңызды. Мен өзім коронавируспен ауырып тұрған соң мұның барлығын түсінемін. Менің жұбайым, атам, әжем - барлығы ауырып жатыр. Гигиеналық нормаларды сақтамайтын адамдар осындай әлжуаз топтардың жұқтыруына ықпал етеді», - деді Қайрат Құдайбергенов.