Бүгін Алматы мектептерінде жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты шаралар онлайн режимде өтті. Биыл қалада 27 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қашықтан оқыту форматын ескере отырып, жаңа оқу жылы қарсаңында қала әкімшілігі оқушылар мен мұғалімдерді қажетті техникамен және сапалы интернетпен қамтамасыз етті.
Алматы қаласы, Әуезов ауданы білім бөлімінің бас маманы Гүлнәр Саттарова А. Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясының кезекші топтарының жұмысы туралы айтып берді.
«№139 мектепте 1 және 2-сынып оқушылары үшін екі кезекші топ ұйымдастырылды. Мектеп аумағына кіреберісте медицина қызметкері баланы қарсы алады және температураны байланыссыз тепловизормен өлшейді. Ата-аналар баланы мектепке кіргенге дейін жеткізеді. Бала сол жерде масканы ауыстырып, қолдарын ерітіндімен өңдеп, кейін сынып жетекшісімен дезинфекциялық тоннель арқылы өтеді. Екі кабинет дайындалды», – деді Гүлнәр Саттарова.
Сондай-ақ ол әр сыныпта 15 балаға 15 парта қойылғанын атап өтті.
Өз кезегінде М. Мақатаев атындағы № 140 гимназияның директоры Сәния Тілеубай бүгін өткен онлайн жиын туралы айтты. 2020-2021 оқу жылы мектепте 2246 оқушы, яғни 75 сынып бар. Оқу жылына мектеп толығымен дайын.
«Бірінші тоқсанда сабақтар онлайн режимінде, ZOOM бағдарламасы арқылы ұйымдастырылады. Сондықтан компьютерлері жоқ 70 оқушы техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Мектеп оқушылары мен мұғалімдері интернет желісімен толық қамтылған», – деді Сәния Тілеубай.
Сондай-ақ, ол гимназияда аз қамтылған отбасылардан шыққан 117 оқушы білім алып жатқанын, оның ішінде төрт бала қамқорлықта екенін айтты. Бұл балалар да техникалық құралдармен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, С.Тілеубай № 140 мектепте кезекші сыныптардың жоқ екенін айтты. Себебі, білім мекемесіне ата-анадан өтініш түспеген. Балалардың ата-аналары қашықтан оқытуды қалайды. Алайда, мектеп қажет болған жағдайда, санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқушыларды кезекші топтарға қабылдауға толық дайын.